Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығында Қазақстан мен Қытай тараптарының қатысуымен кеңес өтті. Кездесу барысында Жетісу облысының туризм саласындағы негізгі туристік маршруттары, әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында баяндама жасаған облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев өңірдегі туризмді дамыту бес негізгі дестинацияның әлеуетіне негізделетінін атап өтті. Ол олардың әрқайсысына жеке тоқталып, Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауларында, «Алтынемел» және «Жоңғар-Алатауы» ұлттық табиғи парктерінің аумағында, сондай-ақ Жоңғар Алатауы тау массивінде туристік инфрақұрылымды дамыту және болашақ даму перспективалары туралы жан-жақты баяндады.
Өз кезегінде қытайлық серіктестер түрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыру және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар, тараптар 2026 жылға арналған жоспарларды талқылап, сауда, трансшекаралық электрондық коммерция, логистика және медицина салаларындағы бірқатар жобалармен танысты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттерді туризм басқармасы ұсынды





























