2025 жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,1%. Бұл барлық негізгі салаларда тұрақты өсім бар екенін айғақтайды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 3,3%-ға өсіп, 417,4 млрд теңге болды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 483,2 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға артты.
Өңірге 611 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 12,8% жылдық өсім көрсетті. Тартылған инвестициялардың 71% немесе 435 млрд теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Инвестициялардың нақты көлем индексі 2024 жылмен салыстырғанда 106% болды. Бұл ретте 2025 жылы жалпы құны 50,6 млрд теңгелік 25 жоба іске асырылып, шамамен бір мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7%-ға артты. Осы орайда 412,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы деңгейден 11%-ға жоғары.
2023 жылмен салыстырғанда жүк тасымалының артуына байланысты көлік қызметтерінің көлемі 1,5 есеге өсті. Атап айтқанда, теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 2,1 есеге, ал автомобиль көлігімен тасымалдау 1,5 есеге артты.
Сауда көлемі 3,5%-ға ұлғайып, байланыс қызметтері 5,8%-ға өсті.
Сонымен қатар осы жылы да Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасын сақтау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында тиісті қажетті шаралар қабылдау жалғастырылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.




























