Жетісу облысында балаларды оңалту қызметімен айналысатын 9 мекеме бар, онда жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі шамамен 800-дей бала оңалтудан өтеді. Осындай оңалту орталықтарының бірі – атқа міну арқылы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуды жүзеге асыратын өңірдегі әзірге жалғыз Иппотерапия орталығы, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап өтсек, Иппотерапия орталығы «Мерей» балаларды оңалту орталығының базасында ашылған. «Мерей» орталығына облыс әкімінің Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы бұрынғы резиденциясы арнайы бейімделініп беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған болатын. Иппотерапиядан басқа орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар сегіз бағыт бойынша сауықтыру емін алады, мұнда 55 адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мекемеде 40 бала оңалту шараларын қабылдауда. Соның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған және жүйке жүйесінің жұмысында жеңіл ауытқулары бар балалар да бар. Оларға бассейн, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж және гидромассаж кабинеттері, емдеу кабинеті, тұз шахтасы, еңбек терапиясы кабинеті және т.б. қарастырылған. Мекеменің балаларды тасымалдауға арналған автобусы бар.
— Бүгінгі күні «Мерей» орталығында 40 бала болса, соның 33-і иппотерапия сабақтарына қатысады. Осы бір жыл ішінде 7 баланың жағдайы жақсарғаны байқалды, яғни үш баланың психоэмоциялық көңіл күйі тұрақталды, төрт баланың тірек-қимыл жүйесінің жұмысы жақсарды. Жалпы, жылқының балаларға беретін жақсы энергиясы көп. Балаларды оңалтумен арнайы дайындықтан өткен екі жаттықтырушы айналысады. Дәрігердің ұсыныстарына қарай сабақтар аптасына 2-3 рет ауданы 400 шаршы метр болатын арнайы салынған жабық аренада өткізіледі. Иппотерапия аяққа тұруға, жүруді жақсартуға көмектеседі, арқа бұлшық еттерін күшейтеді, вестибулярлық аппаратты жаттықтырады, жалпы денсаулықты жақсартумен қатар баланың дамуына оң әсер етеді, — дейді «Мерей» балаларды оңалту орталығы директорының орынбасары Ардақ Бақытқызы.
Иппотерапия сабақтарына қатысатын Хадиджаның анасы өз пікірін білдірді:
— Қызым 6 жаста, Даун синдромы бар. Біз «Мерей» орталығына бірнеше жыл бойы бардық, онда иппотерапия сабақтары өткізіле бастағанда қатты қуандық. Сабақтан кейін балам жағымды эмоцияларын білдіріп, өзін бақытты сезінеді. Жылқымен байланыс балаға физикалық жағынан ғана емес, эмоционалды тұрғыда да пайдалы. Алғашқы сабақтардан бастап-ақ қызымның көңіл-күйі жақсарып, сабырлы бола түскенін, бойында сенімділік пайда болып, қызығушылық таныта бастағанын байқадым. Мамандарға бар ықылас-пейілдерімен жұмыс істейтіні үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді Ажарбуви Имерова.
Тағы бір ем алушы Мадиярдың анасы да орталық жұмысына риза. Мадиярдың орталықтан ем алып жүргеніне екі жылдан астам уақыт болған.
— Иппотерапия бізге көп көмектесті. Мадияр атқа мінуді өте жақсы көреді, көңіл күйі бірден жақсарады. Иппотерапияға дейін Мадиярдың аяқ-қолы әлсіз болды, тепе-теңдігін ұстай алмайтын. Қазір аяқ-қолдарының бұлшық еттері нығайды, аяғын баса алатын болды, — деді Мақпал Өскенбаева.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды және «Мерей» балаларды оңалту орталығынан ұсынылды.





























