Жаңа жыл қарсаңында Жетісудың ауылдарында үш жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында ауылдық жерлерде бірден үш заманауи әлеуметтік нысан іске қосылды. Атап айтқанда, жаңа дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі және бокс залы бар спорт кешені пайдалануға берілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алакөл ауданының Көлбай ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория өз жұмысын бастады. Бұл ауылда шамамен 1600 адам тұрады. Бұған дейін бейімделген ғимаратта елді мекен тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіліп, көп жағдайда науқастар аудан орталығына жіберілетін.

Жаңа дәрігерлік амбулаторияда сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда егу бөлмесі, стоматологиялық, гинекологиялық кабинеттер, сау бала бөлмесі, күндізгі стационар, сондай-ақ жұқпалы аурулары бар науқастарды қабылдау кабинеті бар. Жаңа медициналық мекемеде акушер-дәрігер, фельдшер және екі медициналық мейірбикемен қосқанда жалпы саны 8 қызметкер жұмыс істейді.

Ал Қаратал ауданында бірден екі жаңа нысан мәдениет үйі мен спорт кешені пайдалануға берілді.

Бокс залы бар спорт кешені Үштөбе қаласында ашылды. Оның құрылысы жаздың соңында басталып, жоспарланған мерзімде аяқталды. Жергілікті тұрғындар бұл жаңа спорт нысаны жас спортшыларды тәрбиелейтін «чемпиондар ұстаханасына» айналады деген сенімде.

– Мен бокс секциясын жүргіземін. Үйірмеге әртүрлі жастағы жалпы саны 80-ге жуық бала қатысады. Бұған дейін жаттығуларды бірнеше ауысымда өткізіп, үйірмені аса қолайлы емес жалдамалы ғимаратта өткізуге тура келген. Жаңа залда жаттығуға қажетті барлық жағдай жасалған, әрі мұнда жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы. Осындай спорт нысанын салып берген азаматтарға алғыс айтамын. Ал біз шәкірттерімізбен бірге ауданның абыройын асқақтатып, әлі талай жарқын жеңістермен қуантамыз деп сенемін, – деді жас бапкер Роман Щегринов.

Қаратал ауданының Алмалы ауылындағы мәдениет үйі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Мәдениет үйінің ішінде шамамен 14 мың дана кітап қоры бар кітапхана, акт залы, сондай-ақ репетиция өткізуге арналған бөлмелер, оның ішінде грим бөлмесі мен костюм сақтайтын орын қарастырылған. Қазіргі таңда домбыра, вокал және би үйірмелері ашылуда. Атап өтсек, ауылдық округте 1300-ден астам тұрғын тұрады.

Жергілікті тұрғындар айтулы оқиғаға орай өз пікірін білдірді:

– Енді бізге үнемі қалаға қатынаудың қажеті жоқ. Өзіміздің жайлы, заманауи мәдениет үйіміз енді ауыл тұрғындарының мәдениеті мен өнерінің орталығы болады деп сенеміз. Осындай қуанышты сәттер көп болсын деп тілеймін, – деді ауыл тұрғыны Айман Тілеуғасымқызы.

Ауылдық округтің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Төлеген де осындай пікірде:

– Енді біздің ауылдық округте балаларымыз өз таланттарын шыңдап, ересектер рухани демалатын, ал аға буын өз өмірлік тәжірибесі мен даналық ойларын бөлісетін орын пайда болды. Біз бұл сәтті ұзақ күттік, өйткені мәдениет пен өнер рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуда айрықша рөл атқарады. Осы жарқын іске үлес қосқан барша жандарға алғыс айтамын, – деді ол.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді Алакөл, Қаратал аудандарының әкімдіктері ұсынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз