Жыл сайын 1 желтоқсанда әлем жұртшылығы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнін атап өтеді. Бұл күн АИТВ/ЖИТС мәселесіне қоғам назарын аударып қана қоймай, аурудың алдын алу, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қолдау және стигма мен кемсітушілікке жол бермеу бағытындағы күш-жігерді біріктіруге арналған.
2025 жылғы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің ұраны – «АИТВ-ға қарсы қиындықтардан – тиімді өзгерістерге». Аталған ұран АИТВ-ның алдын алу мен емдеу саласында әлі де кездесетін кедергілерді еңсеріп, нақты әрі нәтижелі іс-қимылдарға көшу қажеттігін білдіреді. Медицина саласында жетістіктер болғанымен, халықтың ақпараттану деңгейін арттыру, ерте диагностика және профилактикалық шараларды күшейту өзектілігін жоғалтпай отыр.
АИТВ-ға қарсы профилактикалық іс-шаралардың негізгі бағыты – халықты жүйелі түрде ақпараттандыру және қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыру. Әсіресе, жастар арасында ағарту жұмыстарының маңызы зор. АИТВ-ның жұғу жолдары мен қорғану тәсілдері туралы нақты, қолжетімді ақпарат беру жалған түсініктердің, қорқыныш пен стигманың алдын алуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, АИТВ тек қорғалмаған жыныстық қатынас, қан арқылы және анадан балаға берілуі мүмкін. Бұл туралы ашық әрі түсінікті ақпарат тарату – алдын алудың ең тиімді тетіктерінің бірі.
Еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Жетісу облысында білім беру мекемелерінде, ішкі істер органдарында, бизнес құрылымдарда және басқа да ұйымдарда дәрістер мен тренингтер өткізіліп, ақпараттық материалдар таратылады. Сонымен қатар, тегін кеңес беру мен ерікті тестілеу ұйымдастырылады.
Қауіп-қатері жоғары топтар – инъекциялық есірткі қолданушылар, коммерциялық секс қызметкерлері және ер адамдармен жыныстық қатынаста болатын ерлер арасында кешенді профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда. Оларға стерильді инъекциялық құралдар мен презервативтер тарату, АИТВ-ға тегін әрі жасырын тестілеу, алдын ала және кейінгі профилактика, сондай-ақ медициналық және психоәлеуметтік кеңес беру қызметтері көрсетіледі.
Атап өтейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Жетісу облысында АИТВ-инфекциясының 79 жаңа жағдайы тіркелген. Оның 78-і – Қазақстан Республикасының азаматтары, 1 жағдай – шетел азаматы. 14 жасқа дейінгі балалар арасында Панфилов ауданында 1 жағдай анықталған.
Жыныстық құрылым бойынша жалпы жағдай тұрақты болғанымен, ер адамдар арасындағы аурушаңдық деңгейі жоғары болып отыр. Сонымен қатар, әйелдер үлесінің біршама артқаны байқалады. Жас құрылымында ең жоғары үлес 30-39 жас аралығына және 40-49 жас аралығына тиесілі.
Оң үрдістердің бірі – 2025 жылдың 11 айында анадан балаға берілу жолының өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендеуі. Бұл профилактикалық және медициналық шаралардың тиімділігін көрсетеді.
2025 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша Жетісу облысында АИТВ-инфекциясының жинақталған саны 1400 жағдайға жетті. Оның ішінде 1350-і – облыс тұрғындары, 21-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Қайтыс болғандар мен есептен шығарылғандарды қоспағанда, есепте тұрған АИТВ-мен өмір сүретін адамдар саны – 887, оның ішінде 19 бала бар.
Мамандардың айтуынша, «АИТВ-ға қарсы қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұраны қоғамды нақты әрекетке, жеке жауапкершілікке және ынтымақтастыққа үндейді. АИТВ-ның таралуын азайту – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Дұрыс ақпарат тарату, алдын алу шараларын күшейту және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға түсіністікпен қарау арқылы ғана нақты әрі тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.





























