Жетісу облысында тұтынушылардың 48 миллион теңгеден астам қаражаты қайтарылды

4

Жыл басынан бері Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне E-өтініш платформасы, Telegram-бот және жедел желі арқылы 820 өтініш келіп түскен. Қабылданған шаралардың арқасында облыс тұрғындарына 48 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дауешев баяндады.

Тұтынушылар тарапынан түскен шағымдарды талдау көрсеткендей, негізгі мәселелер бөлшек және электрондық сауда салаларында шоғырланған. Бөлшек сауда бойынша 221 өтініш тіркеліп, оның басым бөлігі сатушылардың тауарды 14 күн ішінде айырбастаудан бас тартуына және сапасыз өнімдерге қатысты болған. Әсіресе, дүкендерде «Тауар қайтарылмайды» деген заңсыз тақтайшалардың ілінуі және кепілдік міндеттемелерден жалтару жағдайлары жиі кездеседі. Электрондық сауда саласында Kaspi, Wildberries, Ozon және Temu сияқты платформаларға қатысты 115 шағым түсті. Сонымен қатар, тұрмыстық қызметтер мен онлайн-білім беру нарығында да айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталған.

Мамандар онлайн-саудадағы алаяқтық пен фискалдық чектің берілмеуін бүгінгі күннің басты сын-қатерлері ретінде атап өтті. Чек – сатып алу фактісін растайтын жалғыз құжат болғандықтан, кәсіпкерлер оны беруден бас тарту арқылы тұтынушыны заңдық қорғаныссыз қалдыруға тырысады. Осы орайда Департамент сот істеріне үшінші тұлға ретінде белсенді қатысып, 45 азаматтың құқығын сот тәртібімен қорғап шықты. Атап айтқанда, сапасыз білім берген «ЯСИНА» ЖК-дан 5 млн теңге, ал мобильді телефондарды жеткізбеген «Базарханов» ЖК-дан 2,5 млн теңге өндірілді. Сондай-ақ, зауыттық ақауы бар бассейнді қайтара алмаған тұрғын мен газ орнату қызметіне алданған 13 азаматтың мәселесі оң шешімін тапты.

Мемлекеттік бақылау аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізілді. 140 жоспардан тыс тексеру нәтижесінде сауда үстемесін асырған және баға белгілерін қоймаған 117 кәсіпкерге ескерту беріліп, 14 субъектіге 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, өңірдегі сауда нарықтарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, «Руал» нарығы толық жаңартылды. Инвестиция тарту бағытында да оң серпін байқалады: жыл басынан бері 9 кәсіпкерге 37,9 млн теңге көлемінде субсидияланған инвестиция берілді.

2026 жылға арналған жоспар бойынша Департамент әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейтуді, баға тұрақтылығын бақылауды күшейтуді және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды көздеп отыр. Мамандар кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға, ал тұтынушыларды кез келген транзакция кезінде фискалдық чекті талап етіп, өз құқықтары бұзылған жағдайда бей-жай қалмауға шақырады. Жетісу облысында тұтынушылардың құқығын қорғау және сауда саласын ашық ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз