Жетісу облысында 2025 жылғы өрт қауіпті маусымның қорытындысы бойынша орман және табиғи аумақтардағы өрт жағдайына қатысты брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Талдықорған авиациялық бөлімшесінің бастығы Базарбеков Мұрат Қожабекұлы баяндама жасады.
Спикердің мәліметінше, 2025 жылғы өрт қауіпті маусымда облыс аумағында 16 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 171,23 гектары орман алқаптарына тиесілі. Қолайсыз, құрғақ ауа райына қарамастан, өрттердің басым бөлігі бастапқы кезеңінде анықталып, жедел түрде сөндірілген.
Өрт қауіпті маусымның басында Талдықорған авиациялық бөлімшесіне 150 сағат ұшу лимитімен 2-4 сыныптағы тікұшақ бөлінген. Кейін қосымша келісім негізінде тағы 110 сағат қарастырылып, жалпы ұшу уақыты 260 сағатқа жетті.
Сонымен қатар, 2025 жылы РМҚК «Қазавиаорманқорғау» өтінімі бойынша су төгетін құрылғысы бар Ми-171 үлгісіндегі 1-сыныпты тікұшақ тартылды. Аталған әуе кемесі «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы мен «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қолжетімсіз аумақтарында орын алған өрттерді сөндіру барысында тиімді пайдаланылды. Авиация мен жерүсті күштерінің үйлесімді жұмысы өрттің кең аумаққа таралуына жол бермей, келтірілген залалды барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Талдау нәтижесі бойынша, тіркелген өрттердің негізгі себептері антропогендік факторлармен, яғни отты абайсыз пайдалану және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаумен байланысты. Сонымен қатар, бірқатар жағдайларда табиғи құбылыстар, атап айтқанда найзағай соққылары себеп болған.
Авиациялық бөлімшенің басты міндеті – әуеден патрульдеу жүргізу арқылы өрттің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, тиісті қызметтерге жедел ақпарат беру. Бұл өртті бастапқы сатысында сөндіруге және ықтимал залалды азайтуға мүмкіндік береді.
Әуе патрульдеу барысында бақылаушы-ұшқыштар ормандардың санитарлық жағдайын тексеріп, орман заңнамасының бұзылу фактілерін, соның ішінде заңсыз ағаш кесу, аңшылық және балық аулау ережелерін бұзу жағдайларын анықтайды.
Талдықорған авиациялық бөлімшесі 290 мың гектар орман қоры жерін қамтиды. Бұл аумаққа Алакөл, Борлытөбе, Қапал, Жаркент, Талдықорған, Үйгентас, Үштөбе мемлекеттік коммуналдық мекемелері, сондай-ақ «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі кіреді.
Бөлімше тәулік бойы жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін екі жоғары өтімді автокөлікпен жабдықталған. Штатта білікті авиациялық өртке қарсы топтың нұсқаушылары мен өрт сөндіруші-десантшылар қызмет атқарады. Қызметкерлер жыл сайын арнайы даярлықтан өтіп, өрт сөндіру жұмыстарына қатысады және алдын алу шаралары аясында жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мұрат Қожабекұлының айтуынша, 2025 жылғы өрт қауіпті маусым өткен жылмен салыстырғанда күрделірек болған. Соған қарамастан, авиациялық және жерүсті күзет қызметтерінің үйлесімді өзара іс-қимылының нәтижесінде өрттердің басым бөлігі толықтай жойылған.
Алдағы кезеңде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігін арттыру үшін материалдық-техникалық базаны нығайту, халық арасында профилактикалық жұмысты күшейту және авиациялық мониторинг мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.





























