Жетісу облысы құрылғанға дейін тек 5 елді мекен ғана газдандырылған болатын. Жыл соңына дейін газ құбыры тартылған елді мекендер саны 126-ға, газдандыру деңгейі 72%-ға жетеді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталды.
— Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шамамен 152 мыңнан астам адамы бар 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылы өңірде 210 елді мекенге газ тартылады деп жоспарлап отырмыз. Облыста газға деген қажеттілік артып келе жатқандықтан, жеке инвестициялар есебінен «Алматы-Талдықорған» екінші магистралды газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, — деді Б. Исабаев.
Сол сияқты өңір басшысы ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2023-2024 жылдары орталықтандырылған сумен жабдықтауға 4 ауыл қосылды, 25 елді мекенінде ауыз судың сапасы жақсарды. Биыл тағы 4 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді.
Жалпы, 329 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықталып, қамтамасыз ету деңгейі 99,9%-ға жетті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай





























