Алаш арысы, ағартушы Ахмет Байтұрсын: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», -деп пайымдаса, күллі түркі жұртына ортақ ғұлама, ақын Жүсіп Баласағұн: «Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі», -деп тұжырымдаған. Өмірде әр халықтың өз ана тілі, діні, төл мәдениеті, салт-дәстүрі бар. Осы бір баға жетпес құндылықтар ұлт руханиятының айнасы, ел тәуелсіздігінің тірегі.
Еліміз егемендік алып, мемлекеттік тіл тұғырына қона бастағалы да 30 жылдан астам уақыт өтті. Осы орайда бізге тағылымды тарихты тағы бір парақтап, қасиетті қазақ тілінің кешегісімен келешегі жайында ой қозғаудың сәті түскендей. Бүгінде жер көлемі жағынан әлемде 9 орынды иелеп жатқан кең байтақ қазақ елінің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл әрине заңды да. Өйткені, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен көздің қарашығындай қорғап, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп келген ұлан-ғайыр даланың жалғыз иесі қазақ. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттік тілі киелі өлкеде көзін ашып, тұнығымен сусындап, ауасымен тыныстап жүрген әрбір жанға ортақ. Оны құрметтеп, мерейін үстем ету жалпы ел азаматтарының басты парызы екені анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін», – деп анық атап айтқан болатын. Осыған байланысты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында не істелді, мамандар не дейді, қазақ тілінің көсегесі қайтсек көгереді?!
Қазақстанның Құрметті журналисі, қарымды қаламгер Болат Абағанның бізге берген сұқбатында: «Біз таза қазақы ауылда өстік. Тарбағатай ауданында Кеңестер Одағы кезінің өзінде басқа ұлттардың барлығы қазақ тілінде сөйлейтін. Әлі есімде, аймақ бойынша аудан орталығында және Балықшылар ауылы Тұғыл кентінде ғана орыс тілінде оқытатын мектеп бар еді. Қалған мектептердің барлығы қазақ тілінде болатын. Сондықтан болар, біз мектеп бітіріп қалаға оқу іздеп барғанда, әскерге алынғанда орыс тілінен қатты қиындық көрдік. Бірақ тез арада үйреніп алдық. Бұған мүмкін қазақ ұлтының қабілеттілігі әсер еткен де болар. Алайда, мен сол кезде-ақ, тілді үйренуге бірінші қажеттілік керек деген ой түйдім. Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылдан асса да, біз қазірге мемлекет құраушы ұлттың тіліне деген сұранысты қалыптастыра алмадық. Тіпті, Кеңестер Одағы кезінде қалыптасқан: «орыс тілін білмесең, күн көре алмайсың» деген тұжырым әлі күнге тұғырынан түскен жоқ. Жасырары жоқ, қазақ тілінің арқасында ғалым, академик, жазушы атанып, мемлекеттің қолдауы арқасында тұрмысы қарапайым жұрттан көш ілгері болған мүйізі қарағайдай тұлғаларымыздың балаларымен, немерелерімен орысша сөйлесетініне сан мәрте куә болғанбыз. Көпшілік алдында тіл мен діл туралы таусыла сөйлеп, маңайындағыларға ақыл айтуға шебер «зиялылардың» отбасында қазақ тілін табалдырықтан аттаттырмай, балаларымен, немерелерімен орысша шүлдірлегенін көргенде жүрегің ауырып, қазақ тілінің болашағынан еріксіз қауіптене бастайсың. Жалпы барлық саладағы сияқты, тілге қатысты мәселеде де, жалтақтық, жасандылық көп. Айналып келгенде, бәрі өз қолымызда екенін, тілімізді тұғырға қондыру үшін бірінші кезекте күнделікті тірлікте оған мұқтаждық тудыру қажеттігін әлі сезіне алмай жүрміз.
Әлі есімде, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Алматыда төрт-ақ қазақ мектебі болды. Қазақтың рухын көтерген желтоқсан оқиғасынан кейін, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдары сол қазақ мектептердің саны күрт көбейді. Мен де балаларымды қазақ мектебіне бердім. Үйде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Қаланың бір шетінен екінші шетіне қатынадық, қиналдық. Құдайға шүкір, соның барлығы ақталды. Қазіргі кезде олар бірнеше тіл біледі. Ең бастысы, қай жерге барса да мемлекеттік тілден сүрінген емес. Қазіргі кезде мемлекеттік тіл деп еңірегенде етектері толатын кейбір замандастарымның бала-шағасымен орыс тілінде сөйлесіп отырғанда, өз әулетімнің қайда жүрсе де қазақ тілінің қадірін арттырып жүретіндігіне тәубе деймін.
Бүгінгі күнде Алматы сынды қазақтың рухани астанасымен еліміздегі барлық қалаларында ірі елді мекендерде қазақ тілінде білім беретін білім ошақтары баршылық. Бірақ осындағы тағы бір мәселе – олардың көбі аралас мектептер. Олар қазақ тілінің көсегесін көгертпей отырғаны анық. Оның үстіне кейбір ақара көздеріміз Кеңестер Одағы кезінде қалыптасқан орыс тіліне құлдық ұру үрдісінен әлі арыла алмаған. Бірінші кезекте осыдан арылуымыз керек. Сонымен бірге әрбір адам өзінің жүрген, отырған жерінде мемлекеттік тілді басты қатынас құралы ету арқылы қазақ тіліне қажеттілікті қалыптастыруы қажет. Өйткені, Ата заңымызды қоса алғандағы, тиісті заңнамаларда мемлекеттік тілдің мәртебесі мүмкіндігінше айқындалған. Бізге соны дұрыс пайдалана білу керек. «Сана өзгермей, сапа өзгермейді» деген. Бәрін өзімізден бастайық!», – дейді.
Белгілі ақын Қазақстан Жазушылар одағы, Жетісу облыстық филиалының директоры Жангелді Немеребай: «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту көпке ортақ әрі бәрінен маңызды. Себебі, тіл ұлттың рухы. Рухсыз адамнан елге, жерге, салт-дәстүрге деген құрмет күтуге болмайды. Қазір өз қара көздеріміздің арасында қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтындар бар. Ана тілдің алға озуына кесе көлденең тұрып, етектен тартатындар да солар. Сол үшін бізге бала тәрбиесіне баса мән беріп, ұрпақты ұядан баулып, мектепте ұлт құндылықтарымен кеңінен сусындату ауадай қажет», – деп санайды.
Аймақтағы білім саласындағы мамандардың берген мәліметінше, қазір жыл өткен сайын мемлекеттік тілге деген көрсеткіш жоғарылап, оқу орындарында да мемлекеттік тілдің үлесі артып келеді. Нақтырақ айтсақ, бұрын бірде бір қазақ тілді мектеп болмаған Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда қазір 30-ға жуық білім беру орны бар. Қаладағы бірнеше лицей-интернатын қоспағанда 26 білім ошағының 5-еуі таза қазақ тілді, қалғаны аралас мектептер. Ал, аралас мектептердің өзінде бұрынғыдай емес мемлекеттік тілдің үлесі жоғары. Мысалға, облыс орталығындағы өзге ұлт өкілдері ең көп шоғырланған аумақтағы қос тілде беретін орындардың бірі №27 орта мектеп. Жауаптылардың айтуынша, мектепте 1460-тан астам оқушы бар. Ондағы орыс сыныбында оқитын оқушы саны 200-дің айналасында. Биыл тағы 150-ге жуық оқушы мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Соның ішінде 10-12 жасөспірім ғана өзге ұлттың балалары. Бір қуанарлығы қазір жалпы оқу орындарындағы өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныс артқан. Мұны аймақтағы жыл сайын ұйымдастырылатын өзге ұлт оқушылары арасындағы «Абай оқулары» сынды басқа да мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуге бағытталған аймақтық, облыстық байқауларда қатысып топ жарып жүрген әр ұлт жастарының қазақ тілі мен салт-дәстүрін меңгеруінен анық аңғаруға болады.
– Жалпы қазір ежелден батырлармен ақындар елі аталған жер жәннаты Жетісу өңіріне 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері ірге тепкен. Олардың ұрпақтарының қалаған тілде білім алып, қалаған жерінде жұмыс жасауға бар мүмкіндік қарастырылған. Керек десе облыс орталығында арнайы ұлт бірлігінің ұйтқысына айналған Достық үйі, оның құрамында көптеген қоғамдық келісім және этномәдени бірлестіктер жұмыс жасайды. Сонымен бірге Тіл сарайы сынды тегін тіл үйрететін үлкен орталықтар бар. Бұл аймақтағы әр ұлт азаматтарының мемлекеттік тілді тағы басқа да тілдерді меңгеруіне мол мүмкіндік береді. Осы қолайлылықтар арқылы-ақ мемлекеттік тілді аз уақытта біліп алуға болады. Өйткені қазақ тілі үйренуге қолайлы, шұрайлы да жеңіл әрі бай тіл.Таяуда көрші қырғыз елі мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілін білуге міндеттейтін заң қабылдады. Ол көпке қажеттілікті туындатады. Бізге де дәл сондай заң керек. Егер қажеттілік болған жағдайда мемлекеттік тілдің көкжиегі өздігінен-ақ кеңейіп, көсегесі көгере түседі, –дейді сарапшылар.
Айдын КӘЛІМХАН.