Талдықорған қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылды. Оған облыс орталығында тұрып, еңбек етіп жатқан Ахметбековтер, Еркінбек, Қожабековтер, Смағұловтар отбасы қатысты. Жалпы 3 кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңі қалалық деңгейде өтсе, екінші кезеңі өңірлер бойынша,үшінші кезең-ұлттық деңгейде өтетін болады.
Ұлттық байқаудың мақсаты- аты айтып тұрғандай, отбасы құндылығын жоғарылатуды, адамгершілік,руханилықты дәріптеуге бағытталған. Алғашқы іріктеу кезеңінде оның ережесімен Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Абибеков таныстырды. Конкурсты ұйымдастыру тәртібіне сай жұмыс тобы құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдардың,үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енгізілді. Сонымен қатар, «Мерейлі отбасы-2022» байқауының лауреаты, танымал зерттеуші, журналист Қажет Андас та қатысты.
Байқау шарты бойынша қатысушы отбасы өкілдері өздерін таныстырып, үлгі тұтарлық жетістіктерін ортаға салды. Ахметбековтер отбасының иесі-Ахметбеков Нұржан Мұхамедбекұлы- «Талдықорған әуендері» халықтық, этнографиялық ән-би ансамбілінің әншісі, жан жарымен 10 бала тәрбиелей жүріп,халықаралық,республикалық байқаулардың,фестивальдардың лауреаты атанып жүр.Көптеген әндердің авторы. Балалары спортта күштерін сынап, болашаққа нық қадам басуда. Якия Еркінбек- «Ерлік» қоғамдық бірлестігінде диспетчер,талдаушы қызметін атқаруда. 7 жасынан мүгедектігі бар азамат қоларбаға таңылса да бойындағы өмірге деген құштарлығының арқасында отбасылы болып, 4 бала тәрбиелеуде.
Қожабековтер әулетін отағасы Мұратбек Қабылбекұлы таныстырды. Зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзбей Талдықорған қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген ағамыздың отбасы да аймағымызға өсіп өнген көпбалалы жанұя ретінде таныс. «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, «Сарқан ауданының құрметті азаматы»,тізе берсе ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де , марапаттары да жетерлік.Байқауға төртінші болып қатысқан Смағұловтар отбасының тыныс-тіршілігімен балалардың анасы-Алмагүл Кәрібекқызы таныстырды.Қаламыздағы өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының медбике көмекшісі болып жұмыс істейтін ол, отбасында жолдасы екеуі балаларын тәрбиелеп,немерелерге үлгі болуда. Немерелері де аталарының жолын қуып,өнерге бейімделген.Жетістіктері де аз емес. Отбасы мүшелерінің жетістіктерімен жақын танысқан жұмыс тобының өкілдері аймақтық байқауға Ахметбековтер және Еркінбек отбасын лайық деп шешті. Барлық қатысушыларға қала әкімінің атынан «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Г.Нұршанова.