Ана тілім – бабамның тілі, онда қадір-қасиет бар

640

Тіл қашанда ұлттық қасиетті игілік. Мемлекетіміздің тұғыры. Халқымыздың рухани байлығы. Өйткені, анамыздан бойымызға тараған тіл өткеніміз бен болашағымыздың айқын көрінісі.  Татар халқының шығыстанушы ғалымы Абдрахман Саади: «Әлемде ең бай, ең таза, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол – қазақ тілі»,- деген еді. Бұл біздің қазақ тіліне берілген зор баға.

Соңғы уақытта қазақ тіліне қатысты ең маңызды жаңалық ретінде ҚР Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдемесі деп айтар едім. Министр қазақ тілінің сұраныстық талабының көбеюіне байланысты қазіргі уақытта мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйымдарда қазақ тілінде тәрбие беру мәселесін қарастырып жатқаны көңілге қуаныш ұялатты. Бұл дегеніңіз тәуелсіз елде, өзінің мемлекеттік тілі бар елде тұрып жатқан азаматтарға жақсы мотивация болар еді. Себебі, өз тілін құрметтеген адамды кім дейміз?

Өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, қазақ бола тұра кей ата-аналар балалары тілді білмейтіндіктерін сылтау етіп, балабақшаның орыс тобына, ары қарай орыс сыныбына апарып беретіндігіне куә болып келеміз.

Балабақша жайлы айтар болсақ, тәрбиеленушілерге қазақ тілі сабағы өткізіледі. Ал, мектеп пен ЖОО қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Ынтасы бар азаматтар болса, мемлекет есебіінен тілдерді оқыту курстарында тегін оқытылады.

Алайда, осылардың арасында сарапшылардың айтуынша, өзара байланыс жоқ. Әркім өз шамашарқынша үйретеді.

Баланың тілі қазақша сынғанмен, ата-анасы сөйлемейді. Үлкендері сөйлесе, баласы қазақша білмейді. Бұл ретте, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын атап өткіміз келеді. Мемлекет басшысы мамыр айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақты даму» атты сессияда берген тапсырмасымен қазіргі таңда елімізде «Үйде сөйле» жобасы қолға алынып жатқан көрінеді. Бұл, әрине жақсы бастама. Этнос өкілдері енді балабақшалар жұмысы толықтай мемлекеттік тілге көшірілген болса, отбасымызбен қазақша сөйлер едік деген ниетте.

Балабақшаға өзі қазақша білмейтін, «шала қазақтар» балдырғандарды орыс тобына апарып беріп жүр. Қазіргі балаларды ата-әже тәрбиелемейді, әр ата-ана өзі тәрбиелейді. Қалай тәрбиелеп жатыр, ол сәбидің тілі қазақша шыға ма?

Баланы жыламай тыныш отырсын деген ниетпен теледидардың алдына, қолына ұялы телефон беріп отырғыза салады. Өзі үй шаруасымен айналысады. Өткенде қоғамдық көлікке бала көтерген жас ана кірді. Қолындағы бала шырқырап жылап тұр. Тұрып орын бердік. Бала жылауын қоймады. Әлгі жас ана өзінің ұялы телефонын беріп еді, 1-2 жас мөлшеріндегі бала жылауын тоқтатып, телефонды шұқылап өзіне керегін тапты. Сонда көріп отырғаны орысша Тик-Ток. Содан кейін тым болмаса телефонның дауысын ақырындат деп сұрадық, қиқарланып отырып әзер дауысын басты. Өзі дұрыс сөйлей алмайтын, сақау балалардың көбейгені де өкінішті. Арнайы мамандардың кеңесіне жүгінетіндер саны артқан.

Еліміз бойынша айтар болсақ, мектептер мен балабақшалардың бәрі аралас. Қазақ айтқан екен ғой « бір қызымнан бір қызым сорақы» деп.

 Дерекке сүйенер болсақ, Талдықорған қаласында жалпы білім беретін 26 мектеппен қатар 66 мектепке дейнгі мекеме бар. Сол балабақшаның 16-сы мемлекеттік болса, 42-сі жекеменшік-мемлекеттік негізде ашылған болатын. Сондай-ақ, оған мектеп жанындағы дайындық тобы мен мектеп жанынан ашылған 8 шағын орталықты қосыңыз. Тәрбие ошақтарының да баланы тәрбиелеудегі еңбектері ерен. Балаға тіл үйретіп, ата-баба дәстүрін бойларына сіңіретін- балабақшалар.

Мемлекеттік тіл – ел ертеңі. Қоғамда тілдік ортаның өзіндік маңызы зор екендігін айтқымыз келді. Мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін түсінетін ұрпақ тәрбиелей алдық па деген сауалдың өзі алдымыздан шығары сөзсіз. Бұл – үлкен проблема.

Тіл -достықтың кілті

Тілдік ортаны қалыптастыратын, жағдай тудыратын да өзіміз. Өткенде бір бейнекөрініске куә болдым, ауылдың дүкеніне келген өзге ұлт өкілі сатушыдан «Маған бұршақ беріңіз» дейді. Сатушы: «Мен қазақша түсінбеймін, орысша айт» — дейді. Содан дүкенге келіп тұрған басқа ауыл адамдарынан сұраса, біз де қазақша түсінбейміз деп, бұршақтың аудармасын таба алмайды. Сатушы орыс жігітінің не сұрағанын білмей тұрмыз дегенде, дүкенге келген ауыл ақсақалы «бұларың ұят болған екен. Ол кәдімгі қалбырдағы жасыл бұршақты» сұрады емес пе деген екен. Сол жерде тұрған қазақтар жерге кірердей болып ұялған.

Ешқандай ілеспе аудармасыз да, қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін кездестіргенде еріксіз риза боласың. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі артып отыр. Қазақ тілін шын мәнінде халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері мен кепілдіктері қалыптасты. Ниет дұрыс болу керек. Қазақ тілін меңгергісі келетін азаматтарға осы мақсатқа қол жеткізу үшін жағдай жасалған. Тіл – достықтың кілті. Ұлттың жаны тіл болатын болса, сол ұлттың жан-дүниесін, болмысын білгісі келген адам, ең алдымен тілді білуі керек.

Ең бастысы – мемлекеттік тілге деген құрмет пен ынта болу керек екен. Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет екендігі сөзсіз.

Мәселе өздігінен шешілмейді

Г.Тұлымшақова, «№7 бөбекжай бақшасы» МКҚК меңгерушісі, қалалық мәслихаттың депутаты:

— Бүгінгі таңда біздің балабақшада жалпы 280 бала тәрбиеленуде. Екі аралас топта 40 бала болса, оның 19-ы өзге ұлт өкілдерінің балалары. Жұмыс кестесіне сәйкес тәрбиешілер балалармен сабақтар, танымдық кештер, ертеңгіліктер өткізеді. Одан бөлек  қазақ тілін үйрететін арнайы маман — тіл маманы қарастырылған. Өзге ұлт өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында «Тілге бойлау» атты бағдарламамен көп-теген жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның мақсаты – балаларға ерте жастан қазақ тілін үйрету болып табылады. Балабақшада тіл апталығы, ертеңгіліктер, челлендж, ата-аналар-мен бейнероликтер түсіру жұмыстары жүйелі өткізіліп келеді. Жалпы бізде балаларды мемлекеттік тілді меңгер-ту мақсатында тіл мамандары көп тер төгіп жүр. Өзге ұлт балалары-ның арасында қала бойынша өтетін байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. Орыс тілі мамандары да  арнайы курстардан өтіп тұрады.  Жалпы айтқанда, сөйлеу тілі – бала-ның барлық қабілетін, яғни, қарым- қатынасқа түсу, тану, білу, меңгеру, танымдық-зерделеу және ойын әре-кетінің дамуының негізі болып табылады. Мектепке дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамытудың негізгі міндеті – әр жас кезеңіне сәйкес қалыпты жағдайдағы сөйлеу тілінің дамуы мен ерекшелігін және коммуникативті қабілетін білу керек.

Г.Бексұлтанқызы, дефектолог-логопед:

— Сөйлеу жүйесі балада түрліше дамиды. Ол әртүрлі әлеуметтік ортаға байланысты ұлдар мен қыз-дарда (ұлдарда кеш дамиды) бірдей дамымайтындығы дәлелденген. Сөй-леудің дамуы адамның туа біткен нейробиологиялық ерекшеліктеріне ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға да байланысты.

Бала бір жарым жасқа толғанда фразалық сөйлеу белгілері байқалады.Үш жасында балаға балабақша деңгейіне сай оқу бағдарламасын таңдау қажет. Бала бес жасқа толып, сөйлеу жүйесі қалыптаса бастаған кезде логопед кеңесіне жүгінген жөн.

Яғни, мектеп табалдырығын аттамас бұрын  балаға психологиялық-педагогикалық қолдау қаншалықты қажет екендігін біліп алу қажет.  Осылайша, бала мектеп қиындықтарының алдын алады. Мұндай тексерулерден міндетті түрде өту қажет. Себебі, әр жастың өзіне сай «сөйлеу жетістігі» бар.

Кейбір ата-аналар балаларына өздігінен білім беруді құп көреді. Дегенмен баланың жағдайын білу мақсатында  логопедпен бір кеңесу артық болмайды. Бала бойындағы сөйлеу проблемалары түрлі себептерден туындауы мүмкін. Маманмен кеңескен соң, сөйлеудің нақты мәселесі анықталып, балаға қандай көмек беру қажеттігі белгілі болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз