Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Жетісу» волейбол ерлер командасының ұжымымен кездесіп, тұңғыш рет ел Суперкубогын иеленуімен құттықтады. Сол сияқты Қазақстан Республикасы XXXIV чемпионатының алдағы ойындарында жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғандағы волейбол орталығына арнайы барған өңір басшысы ойыншылармен және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесті.
— «Жайық» командасымен болған тартыста волейболшыларымыздың бәрі барлық позицияда жоғары деңгейде ойнады. Соның арқасында Суперкубокты иелендіңіздер, осы жеңістеріңізбен тағы бір мәрте құттықтаймын. Чемпионат турларындағы ойындарда да үздік нәтиже көрсетіп келесіздер. Бұл – ойыншы жігіттердің, жаттықтырушылар мен медицина құрамының өзара бірлікте жұмыс істегенінің жемісі. Ел чемпионы болуға толық мүмкіндіктеріңіз бар, барлығы өздеріңізге байланысты. Сіздерге жеңіс тілеймін, — деді Б. Исабаев.
Мұнан соң команданың бас жаттықтырушысы Марат Адрышев клуб мүшелерінің алаңсыз жаттығуына жасалып отырған қолдаулар үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Ал ойыншылар жүйелі құрылған тактиканың арқасында Чемпионатта алда келе жатқандарын тілге тиек етіп, жеңісті жолды жалғастыруға бар күш-жігерлерін жұмсайтынына сендірді.
Атап өтсек, бұған дейін «Жетісу» командасы биылғы Қазақстан кубогының иегері ретінде бірінші матчта былтырғы маусымның жеңімпазы «Жайықты» 3:0 есебімен жеңіп, Суперкубокты иеленген болатын.
Жалпы, Ұлттық лигадағы «Жетісу» ерлер волейбол командасы Қазақстан Республикасы XXXIV чемпионаты барысында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Команда қазір IV кіші тур қорытындысы бойынша 62 ұпаймен көш басында тұр. Енді алдағы 11–17 наурыз аралығында Көкшетау қаласында Чемпионаттың IV үлкен туры өтеді. Бұл кезеңде жарысқа қатысушы 8 команда өзара кездесулер өткізбек.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.




























