Ел жүрегі — Астана

266

6-шілде Елордамыздың төл мерекесі!  Бұл күн Астаналықтар үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін айтулы мейрам. Тарихымыздың жаңа парағын ашқан елдігіміздің белгіс, бар ғалам тіккен өңір. Бір сөзбен айтқанда Ұлы дала кіндігінде, ерке Есіл жағасында еңсесін тіктеген Отанымыздың жүрегі Астана — ұлттың мақтанышы. Бүгінгі таңда Елорда барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне, тәуелсіз қазақ елінің бет-бейнесіне айналды. Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегіне айналған ол бүгінде жайқалып, жайнап тұр. Сарыарқа төріндегі қала “Бәйтерек” мұнарасы, озық үлгідегі тұрғын үй кешендері, қарасаң көз тоймас көкпен таласқан зәулім сарайларымен әлемге әйгілі.

“Expo-2017” көрмесі — болашақ энергиясы мұражайы. Талайды таңқалдырған әсем ғимаратты көру бақыты мағанда бұйырыпты. Сегіз қабаттан тұратын мұражайды бір күнде аралап біту мүмкін емес. Әр түрлі павильондарға кіріп түрлі әсер алып шығуға болады. Шар пішіндес ғимараттың ішінен күн энергиясы, ауа, суды және т.б. көре аламыз. Келушілердің назарын ерекше аудартқан ғимараттың үстіңгі қабатындағы шыны көпір. Ал павильондардың ішінде маған қатты ұнағаны — Үндістан павильоны. Бұл павильонның басты ерекшеліктері — көздің жауын алатын әшекей бұйымдары, ұлттық билері мен музыкалық аспаптары. Үнді павильонына кірген адам ешқандай әсер алмай шығуы мүмкін емес. Кіргеннен бастап құдды бір Үндістанда жүргендей сезімде болады екенсің.

“Ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар”,-деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, жастарға артқан үміт пен сенім еш уақытта өшпесі анық. Қазіргі таңда жастардың әсем қаламызға ағылатыны да бекер емес. Болашақ жастардың қолында. “Жастар біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету — біздің міндетіміз”.  Айтулы мереке қарсаңында Елордамыз жайлы жастар қандай пікірде екенін білейік.

Зарина Бельгинова,

М.С.Нәрікбаев университетінің 1 курс студенті:

— Мен биыл КазГЮУ университетіне грантқа оқуға түстім. Алғашқыда үлкен қалаға қалай үйренісіп кетемін деген уайым болды. Бірақ бұл қалаға тез үйренісіп кеттім. Бұл қала мені өзіне ғашық етті.  Қазақстанымыздың әр қаласы ерекше әдемі ғой, шіркін! Астана маған өзінің әсемділігімен, тазалығымен және дамып келе жатқандығымен ұнады. Аз уақыт ішінде көптеген құрылыс жұмыстары жасалып көркеюде. Туристер үшін нағыз қолайлы жер деп ойлаймын. Себебі көп жерде ағылшын тілі де жақсы меңгерілуде. Қазақ халқының музейіне барып ұлтымызбен жақынырақ танысуға да болады. Астана — болашақтың қаласы. Жастарға барлық мүмкіндіктер жасалынған. Бізге берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, білім алуға осы қалаға келуді жөн көрдім.

Барша Қазақстандықтар, сіздерді қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жасай бер, бас қалам!

Дулат Еркебайұлы,

Сулейман Демирель атындағы университеттің 2-курс студенті:

 — Мың бояулы, әрі биік те көркем ғимараттарымен көздің жауын алатын бас қала.

Мен елордамызға осы жазда алғаш рет келіп тұрмын. Маған Астананың ең бірінші ұнағаны ол тіпті жаз мезгілінде де салқын болып тұруы. Алматы, Шымкент қалаларындағыдай тым қатты ыстық емес. Одан кейін бұл жақта қыдырып аралайтын жерлер бір-біріне жақын орналасқан. Мысалы, Бәйтерек, Хан Шатыр, Ақорда ғимараттарын аралау үшін артық ақша құртпай жаяу 10 минутта  жетіп көре аласың. Сосын Астана мүмкіндіктер қаласы, мұнда карьера жасауға, жаңа идеяларды іске асыруға көп мүмкіндік бар. Өйткені, елордамыз Астана ең жас астана болып саналады. Ал, жас дегеніміз  әлі де ашылмаған жаңа дүниелер бар.

Мен осындай Астанамыз барына қуанамын. Өйткені, басқа мемелекеттегі достарыма ауыз толтырып мақтанып айтарлықтай қала. Бас қаламыз өсіп-өркендеп, дами берсін. Әрқашан халықтың көз жауын алып, өзіне ғашық қыла берсін. Өзіне арман қуып келген жастардың жаңа қырларын ашып, жаңа мүмкіндіктер беретін қала болсын!

Гулжанат Молдакасымова, жас маман:

— Еліміздің жүрегі, болашақтың қаласы, бас қала — Астана, мені бір көргеннен өзінің сұлулығымен баурап алды. Күн санап бой көтеріп жатқан әдемі, ерекше, зәулім-зәулім ғимараттар, махаббатпен жасалынған көз тартар гүлзарлар, аллеялар, саябақтар, әрдайым қозғалыста болатын қала, бәрі-бәрі әр адамды қызықтырмай қоймайды. Әсіресе Астананың аспаны ерекше әдемі! Түнгі қаланың келбетіне сүйсіне қарамайтын жан жоқ! Астана одан әрі гүлдене берсін, жетістіктерін күллі әлем көрсін!

Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Зор денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Жарқын қаламыз өркендей берсін!

Айжан БОЛАТОВА.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз