Жетісу облысының әкімі талдықорғандықтармен кездесті

332

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев І.Жансүгіров атындағы  Мәдениет сарайында  Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесті. Халықпен кездесуді облыстық мәслихаттың төрағасы Г.Тойлыбаева ашып, жүргізді. Кездесуге Талдықорған қаласының әкімі Ә.Масабаев, депутаттар мен ардагерлер, мемлекеттік мекеме басшылары да қатысты.

 Бұл жиын Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек деген тапсырмасына сай өткізілуде. Бейбіт Өксікбайұлы өз сөзінде мұндай кездесулердің мақсаты-Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынып жатқан реформалардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау деп атап көрсетті.

Суреттерді түсірген Ж.Ысқабай.

 Жиында Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы іс-жоспарларға қысқаша тоқталып, былтырғы кездесуде тұрғындар  көтерген мәселелер бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында облыс экономикасының барлық салаларында өсім қамтамасыз етіліп, негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіпте өсім 14,1 пайызға , ауыл шаруашылығында – 1,6 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру – 9 пайызға(71 мың ш. м.), құрылыс жұмыстарының көлемі – 31,3 пайыз, сауда көлемі  1,8 есеге ұлғайды.   67,3 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Қазіргі таңда екі ауылдық округтің электронды кезегінде тұрғын салу үшін жер алуға 41 мың адам тіркелген. Жыл аяғына дейін 500 жер телімін беру үшін инженерлік инфрақұрылымды  әзірлеу керек.Осыған орай қалақұрылысы қала әкімімен бірлесе Талдықорған қаласының бас жоспарын өзгертуге қатысты шешім қабылдауы тиіс.

Облыс орталығын дамытудың маңызды бөлігі — бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру және қаланы абаттандыру.  Айтар болсақ, өткен жылдың қараша айынан бастап қаланың 170 аула аумағында көше жарығы қалпына келтірілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдануда. 18 атаулы әлеуметтік  маңызы бар азық-түлік тауарлары сату үшін  3 әлеуметтік дүкен және тағы 3 дүкенде әлеуметтік сөрелер ашылды. Осы жылдың наурыз айында Желтоқсан көшесінде «егістіктен сөреге дейін» — («от поля до прилавка») қағидаты бойынша «Алтын Орда Жетісу» әлеуметтік базары ашылды (1,6 га). Базарда  Өзбекстаннан және еліміздің оңтүстік өңірлерінен азық-түлік тауарларын тікелей жеткізу бойынша көтерме хаб құру жоспарлануда. Президент тапсырмаларын орындауда денсаулық саласына көмек көрсетіліп келеді.  Көпсалалы балалар ауруханасына күрделі жөндеу жұмысы 2024-2025 жылдары  жасалады, сейсмологоиялық шаралардың  жобалақ-сметалық құжаттары жасалуда. Сондай-ақ, 2024-2026 жылдары жаңадан онкологиялық диспансердің құрылысы салынады, оған бөлінетін жер анықталды.

Үстіміздегі жылы Талдықорған қаласында волейболға арналған оқу-жаттығу кешенін салу жоспарланған. Инвесторлар көмегімен спортшыларға арналып жатақхана құрылысы және үстел теннисі орталығы бастау алмақ. Жыл соңына дейін орталық стадионды жаңғырту жұмысы аяқталады.

Облыс басшысы 2022 жылдың қарашасында өткен  кездесуде қала  тұрғындары көтерген 26 сұрақтың 14-і өз шешімін тапқандығын айтты. Мәселен, Абай ескерткіші Бикен Римова атындағы драма театрының алдына орнатылды. «Асыл аналар» тігін цехының несие төлемдері мәселесінде «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен 3,1 млн. теңге қарызды қайтару уақыты сәуір айынан бастап  6 айға шегерілді. Жол қауіпсіздігі,  бағдаршам орнату мәселесі  бойынша биыл 16 көше қиылыстарына бағдаршам орнатылды.Пилоттық негізде 10 учаскеде камералар орнатылды.Өтенай ауылындағы Алатау көшесін күрделі жөндеу жұмысы шілде айында аяқталады. Еңбек ауылында зираттарды қоршау және саябақ құрылысы туралы 2 мәселе көтерілген болатын. Өткен жылы Еркін ауылындағы зиратқа 320 метр қоршау орнатылды, қосымша ұзындығы 14,6 шақырым қоршау орнату үшін жер телімі рәсімделуде. Саябақ құрылысы  бойынша мердігермен  келісімшарт жасалды.   Бұл саябақ Конституция күніне орай ашылады. Батыс тұрғын ауданында Жазиралы мен Ақындар көшелерінің қиылысындағы балалар ойын алаңы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тамыз айында орнатылатын болады.

Осы тұрғын ауданындағы КОС-тан шыққан иісті жою туралы мәселені тұрғындар көтерген еді. Қазіргі уақытта атмосфералық ауаны жақсарту үшін «Экобактерия» залалсыздандыру препараты қолданылады, бұл өңделген алаңдарда жағымсыз иісті 50-60 пайызға дейін азайтады.

Еркін ауылына облыстық жедел жәрдем станциясы аутсорсинг бойынша қызмет көрсетеді, арнайы жедел жәрдем автомашинасы бөлу жайы қарастырылмаған. Алайда бұл  мәселені қарастырып көруді   облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырамын. Сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияның штаттық кестесінде бекітілген норматив бойынша ультрадыбыстық зерттеу маманы қарастырылмаған. Еркін ауылының дәрігерлік амбулаториясында аптасына бір рет №2 Талдықорған қалалық емханасының маманы келіп, қажетті зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Батыс тұрғын ауданындағы қоқыс үйіндісі тазартылды. «Үйтас» саяжайы  ауызсуының сапасы тексерілді. Апатты жағдайдағы үйлер бақылауда.Кивилев көшесіндегі 4 апатты үй тұрғындары 32 пәтерге қоныстанды.

Өткен кездесуде мүгедектігі бар азаматтар өз өтініштерін айтып, «Инватакси»  көлігінің саны арттыруды сұраған еді.  Оның саны бүгінде 7-ден 13-ке өсті. Қазан айына дейін дыбысты бағдаршамдар саны да 20-ға дейін өседі.

3-бөлімшеге жататын 15 шақырым құрайтын көшелер 2023-2024 жылдары күрделі жөнделетін болады, жобасы осы жылдың тамыз айында мемлекетік сараптамадан өтеді. «Талдықорған-Үштөбе» тас жолының қаламен Еңбек ауылына дейінгі учаскесін 4 жолаққа дейін кеңейту жұмысы келесі жылдың екінші тоқсанында басталады, жобалау жұмыстары қазан айында аяқталады.

Қазан айында қалалық маршрут желілерін оңтайландыру конкурсы өткізіліп, №20 маршрут желісінің қозғалыс бағыты Батыс тұрғын ауданына дейін өзгертіліп, автобус саны 3 бірлікке көбейтіледі. Жалпы қала бойынша қолда бар 26 маршруттың 14 бағытына өзгерістер енгізіледі.

Талдықорған қаласының Хутор ауданында көшелерді жарықтандыру жобасы 2025 жылы жүзеге асады. Баян батыр көшесінің бір бөлігіне су, электр желілерін жүргізу мәселесі қалада есепке алынбаған учаскелерін электр, сумен жабдықтау жобасының аясында шешіледі. Бүгінге жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Жастар-2 тұрғын ауданында 900 орындық мектеп салу үшін 3,6 гектар жер учаскесі бөлінді, құрылыс жұмыстары «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы арқылы келесі жылы басталады.

Еркін ауылдық округінде ауылдық клуб салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен 5 млн.теңге бөлінген, құрылыс жұмыстары келесі жылға жоспарланған.

Баяндамадан соң қала тұрғындарына микрофон ұсынылды.  Мәселен, 3-бөлімше тұрғыны А.Дәулетхан су, жол, асфальт төсеу, медпункт жоқтығын айтты. Сондай-ақ, баспана, арық суы, жол мәселелері қозғалуымен қатар,  паралимпиада ойындарының жеңімпаздарына сыйақы төлеу, 18 жастан кейінгі  мүгедек жандарды  оңалту жайы да кеңінен сөз болды. Желтоқсаншылар қоғамдық ұйымы елі үшін шейіт болған боздақтарға арналып ескерткіш  қашан тұрғызылатындығын сұрады.  Облыс әкімі  бұл мәселені желтоқсаншылармен болған кездесуде   қолдағанын айтты. Ескерткіш қоюдың өз тәртібі бар, оны қоғамдық кеңеспен ақылдасып, шешу керек.  Одан кейін республикалық қоғамдық кеңеске жіберіледі. 

 Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы қала әкіміне тұрғындар көтерген сұрақтар мен өтініштерді жеке бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

                                                                             

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз