Үздік шахматшы және дойбышылар анықталды

437

Талдықорған қалалық ардагерлер бірлестігінің ұйымдастыруымен қарттар арасында дойбы мен шахматтан арнайы жарыс өтті. Шаһардағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өткен сайысқа жалпы 16 шахматшы,  14 дойбышы қатысып бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған қаладағы ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков үміткерлерге сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Бірлестік басшысының айтуынша, бүгінде ардагерлер ұйымы көптеген  іс-шараларға мұрындық болып келеді. Бұл біріншіден зейнеткерлердің бос уақытын көңілді өткізуіне, екіншіден, бұқаралық спортты дамытуға  мол мүмкіндік береді. Бірнеше сағат бойы тартымды да тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, қаржылай және бағалы сыйлықтарға ие болды. Атап айтсақ, шахматтан талай қарсыласын шаң қаптырған Юрий Бибиков жеңімпаз атанып 50 мың теңгенің сертификатын еншілесе, Байбол Ақмұрзаев 30 мың теңгелік екінші орын жүлдесіне,  Алик Шатаев 3 орынға лайық деп танылып 15 мың теңге сыйақыға ие болды.

Ал, дойбы ойнау бәсекесінде топ жарған  Сапарғали Мұсатаев 1 орынға белгілеген 40 мың теңгені қанжығаласа, екінші орынға Саябек Нұрғалиев табан тіреп 25 мың теңге, үшінші орынға лайық деп бағаланған Жұмағали Байкенже 15 мың теңгені қалтасына салды.  Бұдан сырт бірнеше адам ынталандыру бойынша бағалы сыйлықтар алса, бірінің жасы 70 желкелеп, екіншісі 80- нің сеңгіріне шыққан қос қарияға жарысқа белсенді қатысқаны үшін арнайы шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз