Қазақстан өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап зайырлы, құқықтық мемлекет құруды мақсат етті. Себебі, экономиканы өркендету мен саясаттағы саналы қадамдардың артында міндетті түрде құқықтық сауаттылық тұрады. Ал құқықтық мәдениеті дамыған елде қауіпсіз қоғам орнайды. Мемлекеттік рәміздерді қабылдап, мемлекеттің шекарасын бекіткеннен кейін Конституцияны дайындауға басымдықтың берілуі сондықтан.
Ата заңымыздың тарихы көпшілікке мәлім. 1995 жылы жалпыхалықтық реферерендум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Бүгінде біз Конституцияға сүйене отырып, заңдарды қабылдауға, заңнамалық базаларды жетілдіруге, еркін демократиялық мемлекет жолында қоғамды дамытуға болатынын анық айта аламыз.
Конституция – халықтың әлеуметтік-заңды қорғалуын кепілдендіретін механизм. Егер бұрын «азамат» «адам» концептісінен басым түсетін болса, ал қазір «адам» белгілі құқықтар мен міндеттерге ие, ал патриотизм мен өзін елдің азаматы ретінде сезінуге тәрбиелеу ең гуманисті тәсілдермен жүргізіледі. Конституция адамдардың бір-біріне деген сыйластығының және төзімділігінің негізін қалап, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтады.
2022 жылы референдумда енгізілген өзгерістер Ата заңымызды жетілдіре түскені сөзсіз, әрине. Сол өзгерістермен еліміздің барлық аумағында Конституцияның сақталуын қамтамасыз ету үшін Конституциялық сот құрылып жұмыс істей бастады. Енді Конституцияға сай емес деп есептеген нормативтік құқықтық актілерге шағыммен кез-келген адам Конституциялық сотқа жүгіне алады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА,
Көксу аудандық сотының бас маманы-сот
отырысының хатшысы

























