Жаныңда жүр жақсы адам

242

Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, Еңбек сіңірген қызметкері, Қаржылық бақылау саласының Құрметті қызметкері Камиля Байзолданова  мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Камиля Қалмұхамбетқызы 1955 жылдың 27 шілдесінде облысымыздың Ескелді ауданы, Жалғыз-ағаш ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң Ленинград (қазіргі-Санкт-Петербург) қаласындағы А.Вознесенский атындағы қаржы-экономика институтын экономист мамандығы бойынша аяқтап, жоғары білім алып шығады. Саналы ғұмырын еліміздің экономика және қаржы саласында өткізіп, 43 жыл жауапкершілігі жоғары қызметтерді абыроймен атқарды. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын!» деген қанатты сөз бар. Ол – қашанда ұлыларын ұлықтап өскен, жер жәннаты – Жетісу өңірінің киелі топырағынан қанаттанып шығып, бүкіл болмысымен, қызметімен әріптестерге үлгі-өнеге көрсетіп, пенделікке-парасатты, ұсақтыққа-ірілікті қарсы қойған бақытты жар, аяулы ана. Еңбек жолын 1979-1981 жылдары Талдықорған қаласында колхозаралық құрылыс трестінің ауылшаруашылық құрылыс комбинатында бас есепші болып бастап, 1981-1984 жылдары Ленинград қаласының Петродворец денсаулық сақтау бөлімі орталық бухгалтериясының бастығы, кейін осы қаладағы Север өндірістік бірлестігінің экономисі қызметтерін атқарды. 1985 жылы туған жеріне оралып, Талдықорған облыстық-өндірістік «Сельхозхимия» бірлестігінде бас есепші, 1987-1989 жылдары Талдықорған облыстық агропромкомитетінде Бухгалтерлік есеп бөлімінің жетекші маманы, 1989-1996 жылдары аймақтық «Талдықорғанглавснаб» басқармасында бас есепші, 1996-2003 жылдары Алматы аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Аталмыш өңірдегі өндіріс салалары мен мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті бекітілген ережелерге сай жолға қою, елімізде алғашқы жекешеленген компьютерлерді енгізу, жүйелерді автоматтандыру мен ақпараттандыру бойынша атсалысып, өз ықпалын тигізді.

Еңбек жолында басшылық – ұйымдастырушылық қызметтерді заман талаптарына сай жүргізе отырып, айналасына сабырлы мінезімен, адамгершілігімен, тәлім-тәрбиесімен және әділдігімен, тиянақты да талапшыл, ой-өрісі кең, рухани байлығы мол жан ретінде танылды. Бекзат болмыс пен тектілік адамды әрдайым биіктерден көрсетеді. 2003-2004 жылдары Астана қаласында Қазақстан Республикасы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық орталығына бөлім меңгерушісі, 2004-2012 жылдары республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде басқарма бастығы, бөлім меңгерушісі лауазымды қызметтерінде іскерлік қабілетін танытты. Қазақстан Республикасының экономика және қаржы салаларын жетілдіру мәселелеріне, оның ішінде республикалық бюджеттің атқаруын бақылау жжөніндегі Есеп комитетінің беделі мен мәртебесінің артуына елеулі үлесін қосып, ауқымды жұмыстарды жемісті атқарып, ел құрметіне бөленді. Сол кезде Тәуелсіз еліміздің өңірлерінде жаңадан құрылған сыртқы мемлекеттік қаржылық бақлау органдарының рөлін арттыру, олардың мемлекеттік қаржы ресурстарын басқарудың ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болатын. Осыған орай, 2012-2016 жылдары Алматы қаласында жаңадан құрылған Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының бөлім басшысы лауазымында қызметін зейнетке шыққанға дейін жалғастырып, жаңадан құрылған аталмыш саланың қалыптасуына, сондай-ақ, әкімшілік-аумақтық бірлікте қаржы тәртібін нығайту мен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсаты бойынша мол ықпалын тигізді. Осы еңбектері мемлекет тарапынан ескеріліп, Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталды. Қазақстан Республикасы «Қаржы бақылау саласының Құрметті қызметкері» атағы берілді. Камиля Қалмұхамбетқызы 2023 жылы мемлекетіміздің дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, есімі «Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері» және «Қазақстан Республикасының құрметті азаматтары» энциклопедиясына енгізілді. Уақыт, шіркін, жеткізбейді ғой! Ел мен жер, қоғам мен Отан үшін осындай елеулі үлес қосқан азаматтарымыздың зейнеткер ретінде биік армандарын қамшылай түсетін жігерінің сөнбейтініне, кейінгі ұрпаққа үлгі болатынына сенеміз. Камиля Қалмұхамбетқызын 70 жас туған күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт тілейміз! Мерейіңіз тасып, абырой биігінен көріне беріңіз!

Бауырлары атынан құттықтаушы – Құлтай Нұрқалбайұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз