Елімізде стратегиялық басымдық берілген маңызды саланың бірі-энергетика саласы. Энергетика- экономиканың өзегі саналатын индустрияны алдыға жылжытушы орасан күшке ие.
Жарық пен жылусыз мемлекетіміздің өркендеуін көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Тіпті, күнделікті өмірімізде жарықсыз жүре алмасымыз анық. Сала мамандары тұрмыс-тіршілігімізге қажетті электр энергиясын тұрақты алуымыз жолында аянбай тер төгіп, еңбек етуде. Талдықорған қаласындағы «ТАТЭК» АҚ экономиканың және әлеуметтік секторды дамытуға байланысты электр энергиясына қажеттіліктерді сапалы өтеп келе жатқан бірден-бір кәсіпорын. Қызмет көрсету аймағының ауданы – 125 мың шаршы шақырымды құраса, жұмысшылардың жалпы саны – 1400 адам. Жуырда «ТАТЭК» АҚ-ның Қосалқы станциялар қызметінің электр ұстасы Жомарт Сәдуақасовпен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол, Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында туып-өсіп, мектепті аяқтаған соң Талдықорған индустриалды техникумына оқуға түседі. 1991-ші жылы электрші мамандығын ойдағыдай игереді. Бірақ, түрлі себептерге байланысты ауылына қайтуға тура келеді. 1993-ші жылы Талдықорған қаласына қайта оралып, «ТАТЭК» АҚ-на электр ұстасы болып жұмысқа орналасады. Міне содан бері табаны күректей 32 жыл бойы еңбегін жалғастырып келеді.
«Бала кезімізде электрші мамандығын қолына кемпірауызын ұстап алып, сымдарды бір-біріне жалғаушы адам ретінде елестетіп, ең оңай мамандық шығар деп ойлайтынбыз. Еңбекке араласа келе, бұл салада еңбек ету үшін тек кәсіби білім алу жеткіліксіз екенін түсіндім. Жауапкершілігімен қатар қауіптілігі де жоғары. Шыдамдылық та керек. Егер табанды болмасаң, жылдың 4 мезгілінде, аудан-аудандарға жол жүріп, елсіз мекендерде ток көздері шоғырланған станцияларды орнату оңай шаруа емес. Заман ағымына сай қондырғылар үлкейген сайын, біздің күнделікті жұмысымызда қолданатын құрылғылар мен кілттер де үлкен әрі салмақты болып келеді. Сондықтан да болар, жастар біздің бөлімшеге жұмысқа орналасуға аса құлық таныта қоймайды. Ал, жұмысы жеңілдеу бөлімшелерге келетіндер бар. Жетісу облысының барлық аудан, қалаларына қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік жағдайымыз жаман емес. Кәсіпорын тарапынан жұмысқа қатынау үшін ертелі-кеш арнайы автобус бөлінген. Еңбекақымызды тұрақты аламыз. Іссапар қаражаты да төленеді. Өкініштісі, жаз маусымында ел қатарлы еңбек демалысын ала бермейміз. Себебі, жөндеу жұмыстары негізінен күн жылыда жүргізіледі. Тағы бір айтарым, еңбекақымыз көтерілсе нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, қай салада болмасын қара жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбегі бағаланғаны дұрыс қой»,- дейді Жомарт Сұрабалдыұлы.
Еңбек майталманы Жомарт Сұрабалдыұлының кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі тарапынан «Құрметті энергетик» төсбелгісінің иегері атанды. Мұнан басқа сала басшылары тарапынан да түрлі марапаттарға ие. Бүгінде жолдасы Сандуғаш екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп, екі жиен немере сүйіп, отбасы берекесін арттырып отыр.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, Жарлыққа қол қойғанғандағы мақсаты-еңбек адамына құрмет пен қолдау көрсетудің деңгейін көтеру. Олардың кәсіби дамуы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек жағдайларының жақсаруы олардың жұмысқа деген ынтасын арттырары сөзсіз. Мемлекет еңбек ақыны көтеру, әлеуметтік пакеттерді кеңейту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді шараларды іске асыруға басымдық беруі де жоғарыда меңзеп кеткен себептерге байланысты. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтарын ояту мақсатында түрлі насихат жұмыстары да жүріп жатқаны белгілі. Өндірісте, құрылыста, көлік және байланыс салаларында, ауыл шаруашылығында, қызмет көрсетудің көптеген салаларында еңбек етіп жатқан білікті мамандар қатарында Жомарт Сәдуақасов сынды өз ісін терең меңгерген, тәжірибелі қызметкерлер негізгі өндірістік процестерді қамтамасыз етіп келеді. Олардың еңбегі арқылы елдің өндірістік қуаты артып, халықтың өмір сүру сапасы жақсара түсуде.
Гүлжанат Мырзалықызы




























