Театр – әртістердің таланты арқылы сахна өнері өмірге келетін орын. Аталмыш өнер тармағы түрлі қойылым, актерлік шеберлік, сахналық музыка, декорациялар мен жарықтандыру арқылы оқиғаларды дәл жеткізе алатын, көрермендерді шабыттандыратын және оларды қиял мен сұлулық әлеміне батыратын мекен. Ал, әрбір спектакль өмірімізді өнердің сұлулығы мен тереңдігіне толтыратын бірегей және ұмытылмас ғажайып сәт. Мұнда сахнадан тыс, шымылдықтың ар жағында театрдың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген мамандар да бар. Солардың бірі – гардероб қызметкері.
Өнер шаңырағының табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап көрермендерді жылы жүзбен қарсы алатын адам дәл осы гардеробшы. Бұл ретте олардың жұмысын рухани еңбекке бағалауға болады. Ол театрдың жайлы атмосферасын қалыптастыратын маңызды тұлғаның бірегейі. Себебі көрермен тек қойылымнан ғана емес, жалпы қызмет көрсету сапасынан да әсер алады. Айтгүл Елікбаева Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында бірнеше жылдан бері осы қызметте тер төгіп келе жатқан маман. Кейіпкеріміз «Жер жаннаты Жетісу өлкесі өңірдің алтын бесігі, ұлылық дарыған киелі мекен. Ал, Б.Римова атындағы драма театры ұлттық өнеріміздің қасиетті шаңырағы. Театрда 50 жыл бойы көптеген спектакльдер сахналанып, қаншама ұрпақ тәрбие мен рухани азық алды. Театрға келушілердің де, құрметтеушілердің де қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Менің қызметім асқан жауапкершілікті, ұқыптылық, адаммен өзара қарым-қатынас жасаудағы мәдениеттілікті талап етеді. Келушілердің сырт киімдерін және жеке заттарын қабылдап, қауіпсіз түрде сақтау негізгі міндетіміз. Тазалықты және көрермендердің жайлылығын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмайды»-дейді. Сонымен қатар, ол «Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еңбек өнімділігін ынталандыру, қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру, ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіндіру мақсатында «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекітті. Жастарға адал еңбек ету, адал азамат болу ұғымдарын, еңбекқор болу идеясын насихаттау қоғамның басты міндеті ретінде қарастырылуда. Жұмысшы мамандықтарының артықшылығын, қажеттілігін ұғындыру, еңбектің құндылығын ілгерілету ерекше екпінмен қарқын алып отырғандығы қуантады»-деп атап өтті.





























