Жетісуда медицина мамандары марапатталды

401

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев аймақтағы денсаулық саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Талдықорғандағы Б.Римова атындағы  драма театрында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің қолдауымен ауылды жерлердегі дәрігерлік көмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында бірнеше ауданға жедел жәрдем көліктерінің кілті табыс етіліп, аймақтың үздік дәрігерлері марапатталды.

 Жиналған қауым алдында сөз алған Бейбіт Өксікбайұлы:  «Адамның денсаулығы мен өмірі – қоғамда ең басты құндылық, ұлт саулығы – баға жетпес байлық. Дені сау азамат – мемлекет.Жұмыстарыңызға жай ғана міндет деп қарамай, халыққа жылы сөзбен, жүрек мейірімімен, жанашырлықпен қызмет етіп келесіздер. Сондықтан сіздердің Гиппократ антына, адамгершілік мұраттарына адал, ізгі еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық. Әсіресе, коронавирус өршіген жылдары өз өмірлеріңізді қатерге тіге жүріп, майданның алғы шебінде болғандарыңызды бәріміз білеміз. Індетпен күресте 20 жетісулық дәрігер көз жұмды. Сол азаматтардың рухының алдында бас иіп, бүгін құрметпен еске аламыз. Облыстық инфекциялық аурухана алаңына орнатылған «Аялы алақан» ескерткіші ерлікке жасалған тағзымның айқын белгісі деп білемін. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан медицина саласына ерекше көңіл бөлінеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамитынын айырықша атап өткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынды. 2023-2025 жылдары ұлттық жоба аясында және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 17 млрд.теңге 116 медициналық нысан салынады. Бұл өз кезегінде медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға ықпал етеді. Атап айтсақ, денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Тек биылдың өзінде осы салаға бюджеттен 89 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында жергілікті бюджет қаражатынан 253 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алуға 4,4 млрд. теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде ауруды ерте анықтауға, елді мекендерде, әсіресе шалғай ауылдарда сапалы ем жүргізуге, медициналық қызмет көрсету деңгейін қолжетімді етуге мүмкіндік жасалып отыр», — деді.

Сондай-ақ, өңір басшысы: – «Қазір Жетісу облысында 361 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді, оларда 10 мыңға жуық медицина қызметкері бар. Бүгінгі мереке күні сол мыңдаған медицина маманының баршасына, сонымен қатар сала ардагерлері, Жетісу облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға үлкен үлес қосқан Сұлтанбеков Рахым Төрегелдіұлы, Сыдықов Шаймерден Садықұлы, Сәрсенбаев Салауат Сламжанұлы, Қалажанов Мақсұт Болатұлы, Қалиева Құралай Жаскленқызы, Сидихменов Александр Владимирович, Ағыбаев Ғани Бартайұлы, Жұмагелдин Әшімғали Құсайынұлы, Тұрсынбекова Бақыт Ерғабылқызы, Хегай Александр Николаевич, Жансенгіров Тілеуберді Максимұлы және басқа да азаматтарға ерекше алғыс айтамыз. Олардың толайым тәжірибесі мен қалыптастырған үлгісін заманауи біліммен үйлестіре отырып, саланы одан әрі дамытуға бүгінгі жас мамандардың мүмкіндігі мол. Солардың қатарында Сурашев Нұрлан Сейітұлы, Моңғол Анарбек Моңғолханұлы, Өмірбаев Мадияр Амангелдіұлы сияқты мамандар озық технологияларды меңгеріп, операцияның жаңа түрлерін енгізуде», -деп аталған сала мамандарының жеткен жетістіктерін жоғары бағалады.

Облыс әкімінің айтуынша, мекемелерге арнайы сатып алынған қазіргі заманғы жабдықтар, аппараттар халыққа пайдалы қызмет көрсетуі керек, ол үшін мамандарымыз құралдардың тілін жетік меңгеруі тиіс. Ғылым мен техника жылдам дамып жатқан бүгінгі кезеңде білімнің де уақыт талабына сай тез өзгеріп отыруы заңды. Сондықтан жыл сайын медицина қызметкерлері әлемнің жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтеді. 600-ден астам маман еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқып, біліктілігін арттырады. Оған қоса биыл дәрігерлеріміз Израильдің жетекші клиникасында тағылымдамадан өтеді деп  жоспарланып отыр. Облыста дәрігерлердің жоғары біліктілігінің және заманауи құрал-жабдықтардың арқасында  урология, нейрохирургия, тамырлы хирургия бағыттары бойынша онкологиялық пациенттерге рентгенхирургиялық операциялардың жаңа түрлері енгізілген. Соған сай бүгінде жоғары білікті мамандарға 2,0 млн теңгеге дейін арнайы төлемақы белгіленуде.  Жүрек ақаулары бар онкологиялық науқастарға жүрек қақпақшаларын ауыстырудың біріктірілген симуляциялық операциялары да жасалуда. Тағы бір маңызды жетістік – облыстық кардиологиялық орталықта жасанды интеллектісі бар жүрек ресинхрондау терапиясы қолданыла бастаған. Бұл инновациялық құрылғы Қазақстанда алғаш болып Жетісуда орнатылып отыр.  Сонымен қатар «Қамқорлық қоры» қайырымдылық қорымен бірлесіп, дамудың ерте кезеңіндегі 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларды кешенді оңалту мақсатында Талдықорған қаласында арнайы «Қамқорлық» орталығы ашылған. Мұндай шаралардың барлығы ұлт саулығын сақтауға, халықтың денсаулығын нығайтуға оң әсерін тигізбек.

Жиын барысында 6 адам облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 5 азамат арнайы Алғыс хатымен  марапатталса, 14 дәрігер «Медицина үздігі» номинациясы бойынша қаржылай сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, аймақтағы Ақсу, Көксу, Алакөл, Кербұлақ, Панфилов аудандарының орталық ауруханаларының директорларына заманауи жедел жәрдем көліктерінің кілті табыс етілді. Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз