Бизнес форум аясында ынтымақтастыққа қол қойылды

1591

Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері бизнес-форум аясында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында кездесіп, өзара ынтымақтаса қарекет ету жайын таразылады. Келелі кездесуге  ҚХР  мен Қазақстан тарапынан  Жетісу, Алматы облыстарының кәсіпкерлері қатысты. Тараптардың бизнес әлеуетін көтеруге бағытталған жиынды Жетісу облысы   кәсіпкерлер палатасы мен  ШЫХО бірлесіп ұйымдастырды.

«Жалпы,  Жетісу  өңірінде инвестиция құюға тың мүмкіндіктер қарастырылған. Облыста жаңа инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ал өткен форум аясында Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасы мен «Қорғас» ШЫХО арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды», — деп атап өтті өңірлік  кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев.

Бизнес-форумға қатысушыларға орталықта орналасқан сауда үйлері, ШЫХО мүмкіндіктері, сондай-ақ, Қорғас сервисін және БӨП өтуге ыңғайлы ететін бизнес-терминал ұсынылды.

Форумның екінші бөлігі Қытай Халық Республикасы жағында жалғасты. Онда кәсіпкерлерді сауда орталықтарының қызметімен таныстыру мақсатында  экскурсия ұйымдастырылды. Бұдан әрі Алматыдағы  ҚХР Бас консулы Цзян Вэйдың қатысуымен, орталық әкімшілігімен  және ҚХР кәсіпкерлерімен кездесу өтті.

Кездесу аясында жетісулық кәсіпкерлер қытай тарапымен одан әрі ынтымақтастық, атап айтқанда бірлескен жобаларды іске асыру бойынша бірқатар ұсынысын жеткізді. ҚХР өкілдері өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлердің бастамаларын қолдады. Ал кездесу қорытындысы бойынша мұндай іс-шаралар тұрақты  негізде, бірақ бизнес салаларының бағыты бойынша өтетіні туралы сөз болды.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз