Тәуелсіздігіміздің арқасында Талдықорған қаласының өсіп-өркендеу қарқыны бәсеңдеген емес. Құрылысы жаңарған,жаңғырған шаһардың күн сайын өзгерген келбеті тұрғындар мен қала қонақтарын таңдай қақтыруда. Халық санымен қоса жаңа ықшам аудандар қатары бой көтеріп, баспаналы болғандар саны артып келеді.
8 маусым күні Жетісу облысының құрылғанына 1 жыл толу мерекесін атап өту барысында 36 отбасына пәтер кілттері табысталған болатын.Аптаның сейсенбісінде тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 36 отбасы баспаналы болды. 8-ші шағын ауданда орналасқан қос үйдің жалпы алаңы 4731,38 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізумен «Шымыр» ЖШС айналысты. Пәтер кілттерін табыстау салтанатында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жыл басында 2000 отбасыға үй беруге уәде берілгенін тілге тиек етіп, осы маңызды мәселе нақты нәтижелермен орындалып жатқанына тоқталды. Жалпы Жетісу облысында тұрғын үй кезегінде 29,1 мың адам тұрса, оның 15 мыңнан астамы Талдықорған қаласының азаматтары. Жыл соңына дейін облыста 322 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның 166,6 мың шаршы метрі,яғни 50 пайызы бюджет есебінен салынуда. 233-жеке құрылыс салушылар есебінен болса, 200 пәтері демеушілердің арқасында салынып жатыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге артық. Талдықорған қаласында тағы да 51 көп пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілетінін айтқан Бейбіт Исабаев тұрғын үй кезегінің бүгінде мұқият қадағалауға алынғанын атап өтіп, заңсыздықпен күрес тоқтамайтынын жеткізді. Өкінішке орай,Талдықорғанда жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың арқасында 1700 адам тұрғын үй кезегінен заңсыз түсіп қалған. Облыс,қала басшыларының қадағалауымен барлық келеңсіздіктержойылып, кезектер қалпына келтірілді. Жылдар бойы кезекте тұрып,сабырлары сарқылып барып баспаналы болған бірқатар азаматтармен тілдесудің сәті түскен еді.
Айгүл Жұмаханова, көпбалалы ана:-Осыдан 15 жыл бұрын 2008 жылы көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған едім.Ол кезде екі балам әлі мектепке де бармаған болатын. Осы уақыт аралығында балаларымыз өсіп,аяқтанды.Барлығы жоғары білімді. Ең кенже қызым ғана Корей елінде білімін жалғастыруда.Бүгінгі күні пәтерге қол жеткізіп отырғанымызға өте ризамыз,қуаныштымыз.15 жылдың қиындығы артта қалды. Біздің осы қуанышымыз тұрғын үй тауқыметін тартып отырған азаматтарға жұғысты болып,қоныс тойын тойласын деймін.Облыс әкіміне,қала басшысына да айтар алғысым шексіз. Денсаулықтары мықты балаларының қызығын көрсін. Қуанышты күндеріміз көп болсын.
Қайрат Салимов,2 топ мүгедегі:-Мен тұрғын үй кезегіне 2006 жылы тұрдым.Осы қуанышты естігенде өте қатты қуандық,әрине. Тіпті ,сенбедік десе де болады. Көңілім толқып,сөйлей де алмай тұрмын. Бүгін пәтер кілттеріне ие болған барлық азаматтарды қуаныштарымен құттықтап,отбасы бақытын тілеймін. Қос әкімге үлкен алғысымды білдіремін. Еліміз өркендеп, халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара берсін!
Радмир Чернов,ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар санатынан:-Осындай баспанаға қол жеткізіп жатқанымыз үшін облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлына алғысым шексіз.Зор денсаулық,ашық аспан,бақ-береке тілеймін.2009 жылы пәтер кезегіне тұрған едім. Баспана мәселесі шешілді,енді өмірлік жарымды тауып,отбасы бақытына ие болсам деймін. Барша қуаныш иелерін қоныс тойларымен құттықтап, шаңырақ шаттығы ортаймасын деген тілегім бар.
Г. Нұршанова.