Дәстүрге жол салған  қазақ аналары

343

Тәрбие бесіктен беріледі. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-ананың мерейі.  Ал қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық . «Қазақ аналары — дәстүрге жол»  қоғамдық бірлестігі қазақ аналарына отбасы, бала тәрбиесінде тілімізді, ділімізді, ұстанған дінімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымыздың озығын насихаттап,үйрету, тәлім-тәрбиенің өзегі ету мақсатында құрылған. Бүгінде бұл ұйымның еліміз бойынша барлық өңірде филиалдары ашылып, өз жұмысын ерекше қарқынмен жүргізуде. Дәстүрдің озығын әспеттеп, тозығын жаңғыртуға атсалыып келеді. Бірлестік төрайымы,Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық кеңес мүшесі Айнұр Жүгінісова ұйымның миссиясы жайлы «Ел қай кезде түзеледі?Ел —   отбасында береке, тәртіп болғанда ғана түзеледі.Онсыз тәртіп-тәрбиесіз білім де, байлық та құнсыз! Сол себепті, дәстүрімізді лайықты түрде насихаттап, барлық қазақ аналарын сауатты түрде, отбасы өмірін гүлдендіруге бағыштап, тек жақсы, тәрбиелік мәні бар сөз айтайық.

Аптаның сәрсенбісінде Талдықорған қаласындағы Өтенай ауылдық мәдениет үйінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің  Жетісу облысы бойынша  филиалының ұйымдастыруымен  «Абысын-ажын» атты байқау өтті. Оған  аналар кеңесі мүшелері, ақ жаулықты аналар, әр ауданның намысын қорғай келген абысын келіндер қатысты.  Өңіріміздегі Ақсу, Сарқан, Панфилов, Қаратал, Көксу, Талдықорған мен Текелі қаласынан абысын-ажындар келді.  Олар өнер мен шеберліктерін көрсетіп сайысқа түсті. Шара басында мәдениет үйінің фойесіне қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылды.

 Байқаудың салтанатты ашылуында  арнайы қонақ  «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас кеңесшісі  Замзагүл Мұқанова қатысушыларға сәттілік тіледі. «Мұндай шара еліміз бойынша бастау алып, алғашқы байқауда Қызылорда облысы жеңіп алған болатын. Президенттің қолдауымен құрылған ұйымның төрайымы Айнұр  Жүгінісова жақын-алыс шетелде бөлімшелер ашуға атсалысуда. Ал еліміздің 20 аймағын қамтып отырған ұйымның басты мақсаты – қазақ аналарын біріктіру арқылы жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтап, сондай-ақ,  татулықты келешек ұрпаққа үлгі ету. Мәселен, Мәскеуге сапарлап барғанымызда Қызыл алаң жұртшылықтың қазақ аналарын қарсы алуы ерекше болды. Ұлттық киімдеріімізге таңырақай қарап,  көздің жауын алған ою-өрнекті көріп тамсанды. Жер жаннаты  Жетісу жерінде де «Қазақ аналары- дәстүрге жол» облыстық филиалының құрылып, жұмысын бастап кетті. Ұйымның төрайымы Оразбаева  Мара Елемесқызының жұмысына сәттілік тілеймін. Қазақтың салт-дәстүрін ұрпаққа жалғастыра беріңіздер»,- дейді.

Ал бүгінгі облыс орталығындағы шара отбасы құндылығы, ұрпақ  сабақтастығы, абысын-ажындар татулығы, ұлттық дәстүрді жаңғырту болып табылады.  Байқауға әулет келіндерінен құралған топтар қатысып, салт-дәстүрімізді барынша көрсете  білді.  Өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салса, келесі кезекте «Шебердің қолы-ортақ» дегендей, көздің жауын алар бұйымдарын әділқазылар алқасы алдында қорғады. Әр аудан-қала шеберлердің көрмесін ұйымдастырып, қолөнердің бай туындысын ұсынды. Мәселен, Текелі қаласының шеберін бастап келген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ төрайымы айтуынша, Пейзатхан Ақанбаева, Әмина Жұма, Нұрзия  Төлеубаева өз қолдарымен жасаған бұйымдарды келушілер назарына ұсынып, елдің ризашылығын алды. Немерелеріне мирас етіп отырған асыл мұра бүгінде қыз жасауы, құрақ көрпе, қоржын, баспа сырмақ, оюлы сырмақ шеберлердің қолынан шығып, тұтынушыларын табуда. Бұл  қатысушылар жүннен жасалған киім үлгілерін де көрсетті.

Ал Талдықорған қаласынан қатысушы Керімқожанова Сайлаужамал Нүкетайқызы ене ретінде өзімен бірге Ысқақұлы Таңғы әулеттен 10 келінді алып келді.  Қазақ киіз үйді сәндеп,  қазақы үстел үстін жайнатып қойыпты. Бүгінгі байқаудың мағынасы- абысын-ажынның сыйластығы, ауызбірлікті көрсету болса, бұл әулеттің  келіндері  өзара татулықтарын көрсетті. Осы отбасы туралы аздап айта кетсек. Бұл  әулет жеке  шаруа қожалығын  дөңгелентіп, келіндері  бие сауып, күбіде  қымыз пісіп, құрт-майын, ірімшігін қайнатып, қолөнерін дамытып отырғандығын байқатты.  Құрттың бес түрін ұсынып, олардың әрқайсының өз ерекшелігіне тоқталды.  Денсаулыққа пайдасы турасында  айтып берді.

 Ақсу ауданынан  келген қатысушыларды  бірлестік төрайымы Несіпжан Лаубаева бастап келді. Шонай батыр әулетінен 9 келін, 2 ене қатысып, сахнаны әсем әнмен әрлеп, шебер қолдар оюлы көрпе, сырмалы сырмақтың түрлерін паш етті.  Барлық сайыскерлер салт-дәстүрді, шеберлік пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті. Абысындар сыйластығы, татулығы анық көрінді. Осы ата дәстүрді жаңғыртып отырған келіндер қолөнерін кәсіпке айналдырып отырғандар қатары да біршама екен.

Ұлттық әдеп-ғұрыпты насихаттау,  отбасылық құндылықты ұлықтап, төл дәстүрді дәріптеу мақсатын көздеген облыстық байқау өз мәресіне жетті.

Байқау қорытындысында   1 орынды- Талдықорған қаласы жеңіп алды.  Жүлделі 2 орынды —  Ақсу мен Көксу қатар алды. 3 орынға -Текелі қаласы лайық деп табылды.

 Сондай-ақ, ынталандыру сыйлығын  Панфилов, Қаратал, Сарқан ауданы иеленді. Жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сый-сияпат жасалды.

 Ал  1-орын алған  Талдықорған қаласынан қатысушы әулетке  Қызылорда қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама  табысталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз