ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасында Бескөл ауылының Д.Қонаев атындағы орта мектеп оқушыларына арналған ерекше іс-шара өтті. Бұл – шекара шебіндегі қызметтің маңыздылығын жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған ашық есік күні болатын.
Іс-шара барысында оқушылар шекарашылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысты. Қорғаныс пен қауіпсіздіктің басты тірегі – қару-жарақ түрлері, арнайы құрал-жабдықтар, қызметтік иттердің шебер жаттығулары – жас жеткіншектердің қызығушылығын оятты. Әсіресе, шекаралық иттердің бұйрықты бұлжытпай орындауы мен түрлі із кесу қабілеттері балалардың ыстық ықыласына бөленді.
Ашық есік күні – болашақ ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті ұялатып, шекара қызметінің абыройлы міндет екенін терең сезіндіретін тәрбиелік мәні зор шара. Осындай кездесулер арқылы ел шебінде тұрған ер азаматтардың ерлікке толы еңбегі жас буынға үлгі болары анық.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша депаратаменті





























