Жетісу облысына 3 жыл: Мәдениет саласының инфрақұрылымын жаңарту 40 %-ға жетті

220

Жетісу облысы құрылғаннан бері мәдениет, архив саласының штат саны 200 бірлікке артып,  саланың инфрақұрылымын жаңарту 40 %-ға  жетті. Өңірде айтулы мәдени жаңалықтар мол болды. Атап айтқанда, Талдықорғанда Ұлы Абайға ескерткіш, Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, Халық артисі Бикен Римованың және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің бюсті қойылды.  Жетісу облысының филармониясына Қазақстанның Халық әртісі, әнші-композитор Дәнеш Рақышевтің есімі беріліп, өнер иесі  тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Соңғы үш жылда өңірде 7 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар ауылда мәдениет үйлері салынды.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының актері, көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Ал,  Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның, Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің бас концертмейстері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Талғат Оразаев «Ерен еңбегі үшін» медалі, Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы музейдің директоры Рысжан Аязбаева  «Құрмет» орденіне ие болды.  Ұлтымыздың мәдени-рухани дамуына сүбелі үлес қосып  жүрген сала қызметкерлеріне арналған салтанатты жиында Президент  Бикен Римова атындағы драма театрға  академиялық мәртебе беру қажет деп санайтынын, бұл қадам мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін береріне сенімді екенін баса айтқан болатын. Ерлік Жуасбек, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры:  Биыл – Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры үшін ерекше жыл. Еліміздің мәдени-өнер кеңістігінде өз орнын қалыптастырған руханият ордасына 50 жыл. Бұл – жарты ғасырлық тарих, өнер жолындағы үлкен белес. Жағымды жаңалықтар легі артуда. Мемлекет басшысы жариялаған  хабар күллі жетісулықтар, театр ұжымы үшін өте қуанышты жаңалық болды. Бұл мәртебе театрдың өнер саласындағы биік дәрежесін одан әрмен арттырып, әрі болашақ даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз. Мерейтой аясындағы марапат театр ашылған сәттен бері еңбек етіп келе жатқан елге белгілі аға-апаларымыздың жылдар бойғы төккен маңдай терінің жемісі деп білеміз. Жалпы 50 жылдық  ғұмырында Би апамыздың атындағы театрдың жеткен жетістіктері орасан зор, атқарылған шарасы мол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз