Зұлмат заман зардаптары

296

31 мамыр — 1931 – 32 жылдардағы аштық пен 1937-38 жылдардағы саяси қуғын – сүргіннің құрбаны болған боздақтарың рухына қойылған мәңгілік ескерткіш, қаралы күн.

 Құмар Ақпанбаев  1894 жылы Семей облысына қарасты Қараадыр деген жерде дүниеге келген. Көп балалы отбасында өскен. Ата-бабаларынан қалыптасқан аңшылықты  серік еткен.  Бұл кісі менің жолдасым Құмар Мараттың атасы.

 «Өзінің үлкен ұлдары Жұмағазы мен Қабдылғазыны да жақсы аңшы болуға үйреткен. Аң аулауда ауылға аты шыққан Таймас және Қоймас деп аталатын көмекші таза тазы иттері болатын. Әдеби кітап жырларын, дастандарды мүдірмей жатқа айтып отыратын. Сол кітаптың бірінші бетінде қолымен жазған «Шәкәрім қажы, көңілі қазы таратқандай қолымен… » деп басталатын өзінің өлеңі  жазулы тұрушы еді»-, дейді туған апайы Бибіғайшаның үлкен ұлы полковник Ғайнетден Ақшекеұлы Әлжанов ақсақал.   Жасында ауыл молдаларынан оқып, кейін жаңа әліпбиімен сауат ашып, өз бетімен оқып, білім алған. Көркем әдебиетке жасынан қатты үйір болған. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман — Мамыр», «Еңлік — Кебек», «Дубровский» поэмаларын басынан аяғына дейін жатқа білген. Белгілі дәрежеде сауаты болғандықтан ауылдағы сауда жұмысын басқарып, дүкеннің сатушысы болған және ашаршылықтың зардабын жою ісіне тікелей араласып, Семей қаласынан келтірілуге тиісті азық-түлікті ауылға тасып жеткізу және оны ауылдағы қалған халыққа тізім жасап, мөлшерлі нормамен бөліп, тарату ісіне басшылық жасаған. Амал қанша, тағдыр балаларына әкелерінің көмегін, қамқорлығын толық, молырақ көруді жазбапты. Оның негізгі себебі Ақпанбаев Құмар атаның жазықсыздан жазықсыз «Халық жауы» деген сұрқайы атақпен жала жабылып ұзақ мерзімге сотталып кетуі болды. Қамауға 1937 жылдың 12 қазан күні алынған. Осыдан кейін басқа жаққа жер аударылып, қазіргі Екатеринбург, бұрынғыша Свердлов облысының Туринск ауданындағы ну орманды Тайгаға Семейден сотталған және Алматы облысынан сотталған 7000-дай «Халық жауы» деп аталған адамдарды апарып тастаған. Күзет мықты болған. Бұл жерлерге апарудағы мақсат осы сотталғандарға ағаш материалдарын дайындату екен. Лагерьдегілер ағаштарды қиып, бұтап, өңдеп, талап бойынша бөренелік қалыпқа келтіріп, Обь өзені арқылы сал байлап жіберу үшін дайындап беріп отырған екен. Лагерьдегілер топ-топ болып, бригада құрып орналасыпты. Құмар Ақпанбаевтың бригадасында сотталмай тұрғанда Жарма ауданындағы «Бөке» руднигінің бастығы болып істеген, осы сала бойынша мамандығы бар Рашад Ахметқалиев деген азамат бригадир қызметін атқарыпты.  Ақылды, білімді азамат Құмар атамен пікірлес адам болыпты. Құмар ата қатты суық, жұмысы ауыр, тамағы нашар жағдайда өкпе ауруына шалдығып 1943 жылы қайтыс болады. Құмар атаның бала-шағасына Рашад Ахметқалиев ол кісінің қайтыс болғанын да  айтып хат жазып, хабарлаған екен.

1968 жылы Прокуратура және  Жоғарғы Сот органдары жұмысты бұрынғы іс қағаздар арқылы зерттеп, соңынан мәселені шешіп, Шығыс Қазақстан облысы үштігінің (тройка) 26 желтоқсан 1937 жылғы қаулысының күшін жойып Құмар Ақпанбайұлын  ақтаған.

Иә,  31 мамырды «қаралы күн» деп қана атап өту аз. Тәуелсіз мемлекетіміздің әр перзенті сол жылдардағы нәубетті толық түсініп, сабақ алуы тиіс. Ел тарихында бұл қасірет халық жадынан ешқашан өшпейді деп санаймын.

                                                                                                                                           Бұлбұл Мәкенова,

                                                                    Жетісу облысы мемлекеттік архивінің                                 архивисі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз