Тоғызқұмалақ ойынына ынтық өрендер

270

Балаларды қорғау күні – бұл балалар үшін тек қуанышты мереке ғана емес, еліміздің ертеңі болар сол балалардың  жарқын болашағын қамтамасыз ету табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың еліміздің басты басымдығы екенін, отбасыларды қолдап, балалардың тәрбиесі мен өсіп-дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ал, жас ұрпаққа қамқорлық  әрқайсымыздан  басталады. Бүгінде талдықорғандық өрендер білімімен де, өнерімен  де алда,  тіпті  спортта биік белестерді бағындыруда.

Жұмасилов Жалғас Беделханұлы жас балаларды  2017 жылдан бері ұлттық ойын тоғызқұмалақтың қыр-сырына үйретіп келеді. Айтуынша, шәкірттері өте зерек, әдістерді  қағып алып, зерделеріне тоқиды. Бір-бірімен ойнағанда үйренген тәсілдерді тиімді пайдаланады. Әр сабақта білмегендерін үйренуге тырысатын көрінеді.  Тоғызқұмалақ  — әлемдік мәдениет­тің кез келген үлгілерімен бой теңестіре алатын ұлттық ойын­дардың бірі. Тоғызқұ­ма­лақ ойынының есебі ерекше, өзіне ұқсас ойындарға қара­ғанда анағұрлым күрделірек. Мұнда  арифметика, ал­ге­браның элементтері кездеседі.

Тоғызқұмалақ  мектепте үйірме ретінде жүргізіледі, алайда, шәкірттер ойын тәсіліне әбден машықтанған, сайыстарға жүрексінбей бара береді. Олардың қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жасөспірімдер чемпионатында 13 жас қыздар арасында классика түрінен  Ұлжан Ержанқызы 3 орын алып, қуанышпен оралды. Еліміздің жасөспірімдері  чемпионатында 9 жас ер балалар  арасында блиц түрінен Шалқар Нұрлан  1 орынды қанжығасына байлаған болатын. Сондай-ақ, Ұлжан Ержанқызы 2023 жылы Тараз қаласында ұйымдастырылған  Ә. Ақшораев атындағы турнирде 11 жасар  қыздар арасында 1 орынды иеленді.  Осы жастағы ұлдар арасындғы жарыста    Серікқожа Абай 3 – орын алыпты.

 Осы 2025 жылы  жасөсіпірімдер арасында Түлкібас ауданында Түркістан кубогы үшін  өткен сайыста  Қалипа Серғазы  2 орын жүлдесіне қол жеткізді.

Жаттықтырушы-ұстаз  шәкірттері жетістігіне үнемі қуанады. Сондықтан да  демалыс күндерге қарамай балалармен тоғызқұмалақ әдісін үйретуден жалықпайды.

Еңлік Бауыржанқызы, ата-ана:

-Кішкентай  көзқуанышымыз Айнұр Серікова 1 сыныпқа барған кезден   спортқа әуестігін байқадық. Ең әуелі шахмат ойнады. Кейін мектептен тоғызқұмалақ үйірмесі ашылған соң соған бердік. Тоғызқұмалаққа қатысқалы математика пәнінің есептерін жылдам шығара бастады. Кейін ағайы тапсырма беріп жүрді. Үйде қадағалап, өзімнің де ойынға деген қызығушылығым артты. Қызыммен бірге ойнауды бастадым. Кейін Алматыдан арнайы тапсырыспен тоғызқұмалақ  тақтасын алғыздық. Ағайы жарысқа қатыстыру туралы ұсыныс айтқанда қуана келістік. Осылайша, жасы 7-ге толмай жарыстарға  қатыса бастады. Тіпті жарыс жолында өзінен үлкендер кездесіп, жеңіспен оралып жүр. Тоғызқұмалақ ойнына деген қызығушылығы ерен. Бұл  жерде  Жалғас Беделханұлының зор еңбегі деп ойлаймын.  Бос уақыты бола қалса балаларды  ойынға дайындайды. Онлайн да ойнайды. Сенбі, жексенбі күндері өз қаражатына  балаларға сыйлық алып, ойын ұйымдастырады. Нағыз шәкірт тәрбиелейтін ұстаз.

Ұлы ақын Абай  заманында Шыңғыстау мен Қарқаралы жеріндегі тоғызқұмалақшылар арасында сайыстар ұйымдас­тырып, өзі де ойнағаны белгілі.

Абай аталары ойнаған ұлттық ойын — тоғызқұмалақты  дәріптеп жүрген өрендер мен ұстаздың  алдағы уақытта  айтар жаңалықтары көп болсын!

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз