Сынға толы тағдыр

1273

Елі үшін қуғын мен сүргінге түсіп, елдің азаттығы жолында  жанын пида еткен арда азаматтар қаншама?!   Иә, қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада жойылып кету қаупі тұрған еді.

Қазақстандағы тұнғыш репрессия 1928 жылдан басталды.  Ол ең алдымен зиялыларға, аз да болса малы бар ауқатты адамдарға  ауыз салды. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті.

Жақын туысынан айырылып, өз тегін айтуға қорқатын, тіпті аталарын білмейтін ұрпақтың басынан небір қиындықтар өтті. Талдықорған қаласының тұрғыны Жұмағұлов  Бекет ( шын аты Бекмұхамбет) Мәжиұлының әулеті де  осы нәубет жылдардың  зардабын біркісідей тартыпты.

Себебі, қудалауға ұшыраған Маметов Базарбай Мақетұлымен аталас бауыр. Өз айтуынша, Мамет үлкен бабалары, одан  кейін Мақеттен Мұқаметжан, Құлахмет, Тілеулі, Базарбай тарайды. Тілеуліден Қапсемет, Мәжи, Рамазан деген ұлдар туады. Мәжидің ұлы Бекет аға, одан басқа да екі ер бала болған.

«Сонда Тілеулі- Базарбайдың туған ағасы.  Маметов Базарбай Мақетұлы 1888 жылы  Жетісу облысы Лепсі уезі Балқаш- Лепсі болысында туған.  Ол кісі 1946 жылы Лепсі станциясында қайтыс болады. Базарбай Мақетұлы алғашқы қазақтан шыққан заңгерлердің бірі. Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі болған. Базарбай Маметов 1911 жылы Верный ерлер гимназиясында Мұхаметжан Тынышбаевпен бірге оқиды. Оны бітіріп 1916 жылы Қазан қаласындағы оқу орнының заң факультетін үздік бітірген. Ленинград қаласындағы қысқы сарай ішіндегі Эрмитражда Қазан заң университетін үздік аяқтаған деген тақтайшада арнайы аты-жөні жазылып тұр.  Баршаға белгілі, 1916 жылы патша үкіметінің жарлығы шығып, қазақ жігіттерін қара жұмысқа күштеп ала бастады. Осы тұста алаштықтар бұл жарлыққа қарсы шықты. Қазан қаласында оқып жүрген қазақ жігіттері ашық хат жазады. Олардың арасында  Базарбай Мақетұлы да бар еді. Бұл аталмыш хат 1916 жылы 15 қыркүйекте «Қазақ» газетінің  №201 санында жарияланады.  Ашық хат сол кезде Москвадағы «Земский союздың» бас комитетінде қаралып, сол комитет құрамындағы Ә. Бөкейханов қолдап, құптаған. 1917 жылы ақпан революциясынан кейін Алаш қозғалысына белсене араласады»,-дейді Бекет Мәжиұлы.

Сонымен Базарбай Маметов қоғамдық-саяси белсенділігі басталады. Мәселен ол кісі  Орынбор қаласында өткен I жалпы қазақ съезіне Жетісу облысының өкілдерімен бірге қатысады. Съезде Маметов бүкілресейлік құрылтай жиналысына кандидат ретінде тізімге ілінеді. Ал, бүкіл мұсылман кеңесіне  өкіл етіп сайланады. 1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен  II –ші қазақ съезінде кеңеске барған 8 адамның бірі болып мүшелікке өтеді. Қазақ съезінің шешімдерімен  1918 жылы 25 маусымда Алашорда үкіметінің төрағасы  Ә.Бөкейханов халық милициясын құру туралы қаулыға қол қояды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында съезд мүшелері капитан Х.Тоқтамышев бастап, Х.Ғаббасов, Б.Маметов ел-елге аттанады. Содан  1918 жылы 10-31 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облысының II-ші қазақ съезінде жергілікті кеңес мүшелігіне сайланады. Азамат  соғысы жылдарында С.Аманжолов екеуі Жетісу қазақтарына көмек қорын құрады. Алашорда үкіметінің мүшесі, Лепсі көмек комиететінің төрағасы қызметінде жүрген шақта қамауға алынып, малын тартып алып, ағасымен бірге 1928 жылы Саратовқа жер аударылады.

   Алаш қайраткері өз өмірдерегінде: «1920 жылы Лепсі уезінде Кеңес өкіметі орнауына орай, Романовск (қазіргі Көктерек) болысының Халық соты болып тағайындалдым. Сол жылдың қазан айында аудандық соттың қаулысы бойынша Лепсі қаласының 1-учаскесіне  халық тергеушісі болып  ауыстым. Осы айдың аяғында Лепсі уездік ревкомының қаулысы бойынша Лепсі уездік чекасына аға тергеушілікке жіберілдім. 1921 жылдың сәуір айында УЧека тергеушісі болып істеп жүрген кезімде тергеуімде қамауда жатқандардың жалған арызымен Лепсі уездік Чека төрағасының кек алу әрекетінен тұтқынға алындым. Губерниялық чека, губерниялық атқару комитеті және Губерниялық комитеттің экспедициялық үштігі мені 12 тәуліктен соң босатты. Осы жылдың мамыр айында Семиреченск өлкесінің уездік съезіне, одан Семиреченск өлкесінің облыстық съезіне делегат боп сайланып Алматыға аттандым. Онда 1922 жылдың шілдесіне дейін болдым. Бастапқы кезде Семиреченск облыстық комитетінде, кейін облыстық Совнарсудта төраға орынбасары, одан Совнарсудтың Қырғыз бөлімін басқардым. 1922 жылдың шілдесінде облнарсудтың нұсқауымен Лепсі және Талдықорған уездеріне инструктор ретінде іссапарға шықтым, сонымен қатар маған осы уездердегі тергеу-сот қарарлары мен қордаланған істерді шешуге кеңес беретін қосымша  сот міндетін де жүктеді. Қыркүйек айында  Совнарсуд пен Облпрокурордан менің Лепсі уезінің прокуроры көмекшісі болып тағайындалғаным жөнінде қатынас қағазы келді. Содан 1925 жылдың ақпанына дейін сол қызметте болдым. Осы жылдың сәуір айында облпрокурор Губерниялық соттың кассация бөліміне прокурор көмекшісі қызметіне Алматыға шақыртты. Қаражаттың тапшылығынан және ден-саулығымның болмауына байланысты мен Алматыға жете алмадым. 1925 жылдың 6-қарашасында қызметтен босатылдым». Алматы қаласы. Б.Маметов.  

 Мәметов Базарбай  облысымыздың Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылының төңірегіндегі Бастаушы деген жерде сегіз бөлмелі ағаш үй тұрғызып, шаруашылықпен айналысады. Аталмыш үй — «Базарбайдың көк үйі» атанып, күні-бүгінге дейін көнекөз қариялардың жадында сақталған. Халық жауы деп сотталып, дүние-мүлкі талан-таражға түскеннен соң Базарбайдың үйін бұзып апарып, іргелес Бақалы ауылына емхана ғимараты етіп орнатқан көрінеді. Ал Кеңес өкіметі тас-талқаны шыққаннан кейін,қалталы біреу сатып алып, керегіне жаратпақ боп Алматыға аттандырыпты.

…Сонымен 1928 жылы Өлкелік комиссияның Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі бар, барлығы 11 адам қуғын-сүргінге ұшырайды.

Алашорда үкіметінің мүшесі, Лепсі көмек комитетінің төрағасы қызметінде жүрген тұста оның ағасы екеуін қатар қамауға алады. Сөйтіп, қуғын-сүргін басталған кезде алдарындағы малдарын кәмпескелеп, өздерін Саратовқа жер аударып жібереді. Ол жақта көптеген қиындықты бастан өткерді. Айдаудан соң да елге бірден оралмады. Қарақалпақстанға барып тұрады. Қудалау көреді. Содан Қызылордаға барады.  Туған жерге оралады. Лепсіде прокурор болады. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының 1 – бабына сәйкес «30-40 жылдар мен 50-ші жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбандарына байланысты әділдік орнатуға толықтыру іс-шаралары» негізге алынып, 1989 жылы 6 сәуірде Мәметов Базарбай ақталды.

Елі үшін  ха­лық соты болып, әр жерде қызмет ат­қа­рып, қарапайым жұртқа қамқорлық таны­тып, ақ адал еңбегінің ақысын қай­та­руға кө­мектеседі.   Базарбай Мақетұлының үш қызы болған. Үлкен  қызы Сәуле  Майшенова осы кісінің еңбектерін шығару жолында еңбектенді, кітап шығарды. Ол кісі бүгінде жоқ, қайтыс болды.

Бекет ағаның айтуынша, атасы  Тілеулі Базарбайдың туған ағасы.  Сонда сол кісінің  інісі Базарбай да, Тілеулінің өз  баласы  Рамазан   сол кездегі НКВД  тарапынан  қудалау көрді. Ал, Бекеттің әкесі Мәжи мен Рамазан бірге туған бауыр.  Сондай-ақ, Мақеттен тараған бір атасы Мұқаметжан қари діни сауатты болған кісі,  ату жазасына кесіледі.   Үлкен әулет қудалауға ұшырап, Қытай асып кетеді.

Бұл әулет атақты композитор Мұқан Төлебаевпен туыс боп келеді. Мұқан Төлебаевтың ықпалымен Рамазан  консерваторияға түседі. Одан әрі Ленинградқа кетеді. Сол жерде орыс жігітімен танысып, екеуі жоғары теңізшілер даярлайтын   оқуға  түседі.  Үлкен кеме капитаны болып қызмет етеді. Мурманск дейін барып жұмыс жасайды. Ол жақта 6 ай түн, 6 ай күн болады екен ғой. Ол өз тегін де алмай, Рамазан Сыздықбеков деген атпен  Ленингардтағы Эрмитажда аты қазақтан шыққан  корабль капитаны ретінде  тақтайша жазылып тұрған көрінеді.Бекет атаның ендігі арманы- Эрмитаждағы аталарының тақтайшасын көріп қайту.  Аталарының есімін қайта жаңғырту бағытындағы жұмысты да  қолына алған Бекет ағаның Сарқаннан отбасымен Талдықорғанға қоныс аударғанына 15 жылдай болыпты. Кезінде  әнші, ақын Ақжан апасының ықпалымен гармон үйренеді. Мектепті аяқтаған соң мәдени ағарту училищесіне түсіп, халық оркестрі дирижері деген бөлімін аяқтайды. Баянмен, домбырамен ән салады.  Аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып, 1998 жылға дейін қызмет жасайды. Содан тоқырау жылдары басталып,  басқа жұмыстар атқарады. Зейнеткерлікке шыққанына 10 жылдай болыпты.

 Алаш қайраткерлері турасында зерттеу еңбектер де жарық көре бастады.

   Жергілікті жазушы, журналист Жомарт Игіманның  «Сындарлы тағдыр» атты кітабы жарық көрген. «Базарбай Мәметов өмірінің аяғына дейін соңына от байланып, талай жердің дәмін татып, ақыры туып өскен Бөрлітөбе ауданына келіп тұрақтаған-ды. Бұнда әртүрлі шаруашылық жұмыстарда еңбек етіп, 1946 жылы 58 жасында қайтыс болды. Артында үйелмелі-сүйелмелі үш қыз қалған еді. Сол үш қыздың үлкені Сәуле апай. Бұлардан тараған ұрпақ мәуелі бәйтеректің бұтағындай жайылып, Гаухар Мырзабекова сынды немересі күллі музыка әлеміне аян.

… «Халық жауы» деп нақақтан қарғысқа ілінгендердің бірі Мәметов  Базарбайдың да рухы мен еңбегі қастерленіп, ол үшін де әділет таңы туар деген үміт оты оянған-ды»,-  деп көрсетіліпті.

Сондай-ақ,  саяси ғылымдардың кандидаты, доцент Есенай Инкарбаев та «Алашордашыл Маметов Базарбайдың саяси көзқарасының қалыптасуы» атты зерттеу еңбегі бар екен. «Халық жауы» деп нақақтан қарғысқа ілінгендер — әділет таңы туғалы «өз көгіне» қайта көтеріліп, халқының шамшырағына айналып жатыр.

Ал Бекет Мәжиұлының  ендігі арманы- сонау Ленинградтағы  (Санкт-Петербург) Эрмитажға орнатылған тақтайшаларды көріп, елі үшін аянбай қызмет жасаған бабалар рухына тағзым етіп қайту.  Біздің білеріміз- Алаш жұрты үшін жан аямай еңбек еткен тұлға есімдерін жаңғырту қажет.

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз