Алматыда танымал күйші, белгілі композитор, шығыс шертпе күй шеберлерінің бірі де бірегейі Аршын Кәсімбайұлынның «Күй тілі» атты шығармашылық кеші өтті. Бас шаһарда Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның ғимаратында өткен өнер кешінде Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі автордың 20-дан астам туындысын орындап тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Оркестірдің көркемдік жетекшісі, бас дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева. Кештің дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе.
Кеш иесі Аршын Кәсімбайұлы 1974 жылдың 8-ші мамырында тарлан Тарғабатайдың күңгей бетінде дүние келген. Көркемөнер институтының домбыра мамандығы бойынша білім алған. Ертеден киелі өнер қонған әулеттен тараған озық ойлы азаматтың әкесі Кәсімбай Құсайынұлы күйшілігімен қатар адуынды айтыс ақыны, сал-сері, жырау, атбегілік, құсбегілік бекзат өнерімен де танылған тұлға. Ол, XIX ғасырдың орта шенінде Шығыс өңірінде жасаған әйгілі сыбызғышы, дәулескер күйші Қайрақбай Шәлекенұлы, Бейісбай Шабанбайұлы сынды дара дарын иелерінің ізін жалғап, мұрасын ұлықтап өткен өнерпаз.
Аршынның ердің жасы елуге толған мерейлі сәтінде ұйымдастырылған «Күй тілі» кешіне Алатау мен Арқадан, Атырау мен Алтайдан атбасын тіреген зиялы қауым өкілдері жеке-жеке сөз сөйлеп өрелі өнер иесіне өздерінің ізгі тілектерін жеткізді. Күйші Аршын Кәсімбайұлы шебер орындаушысы ғана емес, танымал сазгер. Оның Алматы аспанын ән мен күйге бөлеген «Ер Жәнібек», «Ұлт ұстазы – Ахмет», «Қожаберген жорығы», «Алаш аруы», «Ақын Сара», «Тарих толқынында», «Ата тұлға» сынды 20 — ға жуық күйі, «Дариға-ау», «Күй тілі», « Күндер-ай» секілді 10-ға тарта әсем сазды әні жұрт жүрегінен ойып орын алған. Осы орайда күйшінің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі жоғары бағаланып, түрлі марапаттармен бірге «Халық күйшісі» төсбелгісі табыс етілді.
Танымал күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай : – «Мен Аршын Кәсімбайұлымен көптен бері таныспын. Ол өнер әлеміне өзіндік қол таңбасымен келіп қосылған нағыз сегіз қырлы бір сырлы дара дарын иесі. Қазіргі Іле, Алтай, Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі. Оның қазақ күйлерінің алтын қорына әкеліп қосып жатқан үлесі де аз емес. Бүгін біз автордың өз жанынан шығарған әуезді әндері мен жан тербірентетін күйлерінің куәсі болдық. Сазды кешті қалың тыңдарман қауымы ерекше ықыласпен қабылдап, жоғары бағалады. Өнерпазға халықтың берген бағасынан артық абырой жоқ. Сондықтан оның халқына бергенінен берері көп. Алда әлі талай тың туындылар жаратады деп сенемін. Күйшіге шығармашылық табыс, жанұясына амандық тілеймін», – деді.
Айдын КӘЛІМХАН.