Талдықорғанға қарасты Еркін ауылында елге аты мәшһүр, қиын кезде батылдық танытып қан майданға ұшақ жіберген Есжан Берліқожаұлындай батыр аталарымыз болған. Бүгінгі жас өркен бұл кісі туралы білуі тиіс деген ниетпен әрі сол кісі өзі атсалысып, іргетасын қаласқан ауылдың 90 жылдығына орай осы мақаланы жазып отырмыз.
Есжан Берліқожаұлы 1894 жылы дүниеге келіп, 1960 жылы қайтыс болған. 1942 жылдан КОКП кеңесінің атқарушысы, ал 1922- 1925 жылдары Қапал уезі, Еркін ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1925 жылдың сәуірінен 1927 жылдың қазанына дейін Жетісу облысы, Талдықорған ауданы, Шұбар ауылдық тұтынушылар қоғамының шикізат дайдындаушысы, осындай қызметті Қаратал ауданында 1927-1930 жылдары абыройлы атқарды. 1930-1937 жылы Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы, Сарыбұлақ колхозының мүшесі.
1937 жылдың желтоқсанынан 1946 жылдың желтоқсанына дейін «Сарыбұлақ» колхозының төрағасы қызметін атқарды.Сондай-ақ, осы колхоздың тауарлы фермасының меңгерушісі болды.
1948-1952 жылдары Еркін ауылдық кеңесінің төрағасы.
1952-1957 жылы «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозының ферма меңгерушісі болып жұмыс атқарды.
1957 жылдан бастап Есжан Берліқожаұлы — облыстық дәрежедегі зейнеткер. Ел басына күн туып, ер-азаматтар қан майданға аттанды. Сол уақытта, Есжан Берліқожаұлы 1943 жылы майданға көмек ретінде самолет сатып алу үшін, өз қаржысынан ақша аударғаны тарихтан белгілі. Бұл енбегі жоғары бағаланып, сол тұстағы басшы И.Сталиннің алғыс хатын алған. Тарихқа көз жіберсек, 1980 жылдың қаңтарында«Есжан Берліқожанов» деген жазуы бар самолеттің қалдығы Киев қаласының түбінен табылыпты . Соғыс кезіндегі 1940-1945 жылдарындағы асқан еңбегі мен шаруашылықты басқарудағы шеберлігі үшін, КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының 22 желтоқсан 1945 жылғы жарлығына сәйкес «ҚҰРМЕТ» белгісімен марапатталған.
1957 жылдың наурызында Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы, Еркін ауылдық кеңесінің Сарыбұлақ сайлау округі бойынша депутат болып сайланды. Еңбекқор, білікті басшы Е.Берліқожаұлы 1960 жылы дүниеден өтті. Қазіргі кезде Еркін ауылында көшеге және «Көктал» шағын ауданындағы №11 орта мектепте Е.Берліқожаұлы есімі берілген.
Жалпы алғанда, Есжан атамыздың көзін көріп, ол кісі жайлы естелік жазған жазушы Ғабдол Сланов. 1951 жылы «Дөң асқан», «Бес жылдықтың өрендері» кітабында Есжан Берліқожаұлы және ауыл тұрғындары, соғыс ауыртпалығы турасында баяндайды.
Естелікте: «Есекең Отан деп жар салған жомарт та абзал жан еді. Соғыс басталғанда оның өз босағасынан жүз елу пұт бидай, екі жүз мың сом ақша танк колонасының қорына барып қосылды. «Есжанда бар елдікі, елден аяр нем болсын, тек ел сау болсын» дейтін ол кісі. Өз тілімен айтқанда, Есекең сол жылдар заемға да жыл сайын елу мың сом құйыпты. «Сарыбұлақтың» бидайы да Отаным деп құйылды. «Отан» деген сөз айтылса болғаны, «Сарыбұлақтың» суына дейін «Отан, Отан» деп тау жаңғыртып жатқандай болады»- делінген.
37-ші жылдардан бастап «Сарыбұлақ» артелі қанды қырғын майдан жылдарында мал мен егінді еселеп отырыпты. Елге сөзін тыңдатып, тілін алдыруға келгенде отаншыл Есжан Берліқожаұлы дес бермейтін жан болыпты. Керек жерінде лақ еткізіп бір-ақ кесіп сөйлейді екен. Сонымен қоса ол кісі өте жомарт екен. Үйінде мал сойылған күні бүкіл ауылды шақыратын көрінеді. Өзі жетім өсіп, жоқтықты көргендіктен елдің бәріне жаны ашып, қолындағысын бөліп беруге әрқашанда дайын тұратын жан екен. Ол кісінң жомарттығы турасында әлі күнге ел ішінде аңыз әңігімелер көп. Соғыс жылдарында бір жас жігіт үйленіпті.Сөйтіп жолға шығады. Жары: «біз құр қол қайтып барамыз»,- десе, атамыз арбаның үстіндегі кілемді көрсетіп, сыйымыз осы дейді. Сөйтсе, ол кісі үйдегі ілулі тұрған жалғыз қалы кілемді тойға сый деп алып кеткен ғой. Тағы бірде ақсақал адам тұлпарын сұрап келсе, оны да ер-тұрманымен беріп жібере салған ғой. Палуан денелі кісі болыпты. Жілікті екі жағынан орамалмен тартып отырып, қақ бөлетін. Онымен қоса заманында өңірдің атақты аңшысы болған- деседі ұрпақтары.
Кезінде Абай ауылының төрағасы болған Мұратбек марқұмның естелігі бар екен. Ашаршылық кезінде егістік шықпай қалады. Сол тұста Есжан атамызға келіп жәрдем сұрайды. Сонда сөзге келместен 10 тонна тұқымды бере салған. Бұл оның жомарттығы. Талай адамға шапағаты тиген. Оқуға жіберген азаматтар осы ауылдан жетіліп шыққан.
1943 жылы аңшылықтан жиған-тергенін, үйіндегі малдарын түгел сатып, Алматыға барып,сол ақшаның құны самолет алуға жеткен. Оны Мәскеуге жіберіпті. Самолеттің қанатына Есжан Берліқожанов деп жазылыпты. Артынан Сталиннен телеграмма келді. Бес жұлдыздың шыныға түскен белгісін сыйға беріп жіберіпті. Балалар естелігінде, әкелерінің жіберген самолетін Украинада көрген майдандос досы бертінге дейін хабарласып тұрыпты. Бүгінде ол кісі қайтыс болып кетіпті.
Замандасы Абай Нұрышев та былайша еске алып отырушы еді. «Ол кісі көпшіл, ақылды. Ойлайтыны ел-жұрты қамы еді.Ешекең ерінуді білмейтін. Ертеден кешке дейін ауылды аралап, жұмысшалармен бірге жұмыста жүретін».
Есжан Берліқожаұлының ұлағатты істері жетерлік. Соғыстан кейін ауылда бала оқытатын мектеп болмаған. Ә.Тұңғатов, Б.Жексенбеков, З.Есетов, Б.Рахимов, С.Байысова, И.Горбова, И.Шабалин тәрізді ұстаздар балаларды жинап оқытатын жер жоқ. Сонда Есжан атамыз өз үйінің 3 бөлмесін босатып беріпті. Кейін мектептің салынуына атсалысып, ұйымдастырған. Мектепте балаларға бір мезгіл тамақ беретін аспаз да ұстаған көрінеді.
Ол кісі қайтыс болғаннан кейін де алыс-жақын жерлерден осы шаңыраққа келіп түнеп кететіндер қарасы көп болған екен. Бір қызығы солардың ішінде орыс ағайындар да бар.
Есжан ата мен Күләш апамыздың Маркс (Мәкен), Мырзақан, Қанатқан, Гүлбану, Қасымқан, Төлеген, Кенжеқан деген балаларынан тараған ұрпақтары бар.
Есжан Берліқожаұлының Отан үшін атқарған жанкешті жұмысы — жастарға үлгі-өнеге .