Соғыс қиындығын көріп, төрт жылға созылған зұлматты бастан өткерген ардагерлердің ерен ерлігі ұмытылмайды. Талдықорған қаласының тұрғыны Ысқақ Құсайынов атамыз — Ұлы Отан соғысының ардагері.
Соғыс ардагері Ысқақ Әбілпейісұлы 1924 жылы 14 қаңтарда Алматы облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. Әкесі Әбілпейіз ауыр дерт сүзектен қайтыс болады. 16 баладан жалғыз тұяқ бала Ысқақ аман қалады. Ата-анадан айырылған ол туыстардың қолында тәрбиеленеді. 10 жасында мектепке барған бала алғырлығымен көзге түседі. Есепке жүйрік ол 7-ші сыныпты оқи жүріп, ауылдық кеңестің есеп-қисабын жүргізеді. Мектеп тәмамдап, кітапханашы да боп, ауылдастарына қызмет жасады.1942 жылы кәмелеттік жасқа толып,сұранып соғысқа аттанады. Украина майданында болып, одан кейін Шығыс аймаққа жібереді.
Амур әскери флотының «Зенит» дивизиясында жүріп, жас қазақ баласы қайсарлығымен, мергендігімен көзге түсіп, жау самолетін атып түсірген. Сол кездегі газетте жарық көрген мақаланың кейіпкері болған.1943 жылы «Әскери теңіз флотының үздігі» атағын алады. 44-жылдары кескілескен ұрыста ауыр жарақат алады. Кейін 1947 жылдары соғыстан оралып, Бақыш Әзбекқызымен отау құрады. Туған жерге оралған Ысқақ Әбілпейісұлы педучилищеде білім алып, ұстаздық қызметке кіріседі. 1952-55 жылдары Бөрлітөбе ауданында мектеп директоры кезінде батыр атаның соғыс жылдарындағы ерліктері мен теңіз флотындағы мергендік өнері жас теңізшілерге үлгі ретінде көрсетіліп, баспа беттерінде мақалалар жарияланғандығы бар. Бұл туралы Каспий әскери теңіз флотынан да хабар келеді. Ал, бейбіт уақытта елі үшін аянбай тер төкті. Білімділігімен,іскерлігімен танылған Ысқақ Құсайынов «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын және де «Алтын» медальмен марапатталады. Жұбайы Бақыш апа екеуі шағын жинақталған мектептерде кездесетін қиындықтарды шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай мектептер үшін дидактикалық-көрнекі құралдарын қолдан жасап пайдаланудың үздік әдісін өз тәжірибелерінде көрсетеді. Бұл туралы еңбектері жарық көреді. 70-жылдары ерлі-зайыпты ұстаздардың көрнекі құралдары Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қойылып, Алтын медалды иеленген еді. Ұлы Отан соғысының II-дәрежелі ордені, 1986 жылы алған Еңбек Ері медалі, «Тынық мұхиты флоты ардагері», Кеңес Одағының Маршалы Жуков медалі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілері майдангер кеудесінде жарқырайды. Жалпы майдангер Ысқақ Құсайынов туралы деректер Хабаров қаласындағы мұражайда сақтаулы. Ысқақ атамыздың ғұмыры тұтас бір тарихты қамтиды. Бүгінде жасы 100-ге жетіп қалған атамыздың Гүлсімжан мен Күлпаш атты қыздарынан тараған ұрпақтары бар.
-Әкем мен анамның өмірі тарих пен өнеге. Анамыз Бақыштың дүниеден қайтқанына он жылдан асты. Мен өзім ҚазПИ-ды бітіргем, тарихшымын. Жолдасым Аманғазы Мырзаханов та мұғалім, 40 жыл екеуіміз ұстаздық жолда еңбек еттік. Алакөл ауданында 15 жыл мектеп басқардым, 15 жыл оқу ісі жөніндегі орынбасар, мұғалім болдым. Оқу ісінің үздігімін. Бұрынғы Үйгентас ауданында хал актілерін тіркеу бөлімін басқардым.
Зейнеткер мұғалімдер бүгінде бала-шағаның ортасындамыз. Бес баладан немере-шөбере көріп отырмыз. Атаның шөпшектері саналады ғой. Шүкір балалардың бәрі де жоғары білімді. Ата жолын қуып әскери академия бітірген ұлымыз әскери қызметте. Басқалары мұғалім, мемлекеттік қызметкер. Екінші баламыз саналатын Ардақ деген қызымызды атамыздың бауырына бергенбіз. Ата сол Ардақтың қолында. Ол да жоғары білімді. 20 жылдай ұстаздық етіп, «Алтынсарин» төсбелігісінің иегері атанды. Немере-шөберелеріміз өсіп келеді. Немереміз офицер. Құдайға тәубә, деймін ел қатарлы жүріп жатырмыз. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын,-дейді ардагердің қызы Гүлсімжан Ысқаққызы.
Жеңіс күні жақындаған сайын Ысқақ атаны құттықтап келушілер қатары көп.
Соғыс және еңбек ардагері Ысқақ Құсайыновтың ерен ерлігі мен адал еңбегі өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге болары хақ.