4 жылға созылған соғыс қаншама қайғы мен қасірет әкелді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранда аналардың құрғамаған көз жасы, әкесіз өскен баланың мұңы жатты.
Кеңес кезіндегі Отан үшін болған майданда әрбір төртінші адам көз жұмды. Бұл қиын заманда, КСРО халықтары бірігіп, жанқиярлық көзсіз ерліктің арқасында жауға тойтарыс бере алды. Қазіргі ұрпақ ашық аспан мен бейбітшілік сыйлаған сол батырларға ризашылық білдіруі керек. Ерлік ешуақытта ұмытылмауы тиіс. Өйткені олардың жасаған ерлігі болмаса, қазақ халқы өмір сүре алмас еді. Ұлы Отан соғысына қатысқандардың саны азайып келеді, сондықтан, халқы үшін жанын пида еткен ата-бабаларымызды құрметтейік.
Қазіргі таңда Жетісу облысында 8, ал Талдықорған қаласында 3 майдангер осы Жеңіс күніне жетіп отыр.
Талдықорғандық Төлеубай Шектібаев 1925 жылы дүниеге келген. Семей өңірінің Жарма ауданындағы 7-сыныптық оқуды аяқтаған тұста сұм соғыс басталған. Соның кесірінен білімін жалғастыра алмады.
Еңбекке ерте араласып, майдан үшін күн демей, түн демей ауыл шаруашылығы жұмысын атқарды. Ал жасы 18-ге толғанда әскери комиссариатқа барып, әскер қатарына алынды. 1943-44 жылдары дайындықтан өтіп, Қиыр Шығыс шекарасында, Амур маңайында шайқасқа кірісті.Белорус майданының құрамында болып, Венгрияның Балатон көліне дейін неміс басқыншыларынан тазартуға қатысты.
1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-ші атқыштар дивизиясы құрамында Жапон әскерлеріне соққы береді. Содан Харбин қаласын азат етіп, ерлік пен батылдық танытады.
Жеңіс туын желбіретіп елге оралады. Қол қусырып қарап отырсын ба, қайтадан шаруашылықтарды көтеру жұмысына кірісіп кетеді. Семейдегі ауыл шаруашылық техникумында білім алады. Еңбек ете жүріп сырттай Алматы зооветеринарлық институтында оқиды. Мал шаруашылығының өркендеуіне үлес қосады. Ауылда экономист, партком хатшысы, кеңшар директоры, кеңес төрағасы қызметтерін абыройлы атқарады.
Ал, құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін, 2006 жылдары Талдықорған қаласына қоныс аударады. Қазіргі таңда немере, шөбере-шөпшектері қамқорлығына алған атамыз 98 жасқа толды. Оның өңірінде 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және де басқа мерейтойлық төсбелгілері жарқырайды. «Немере, шөберелер аман болсын. Аспандары ашық, өмірлері жарқын болсын»,-дейді майдангер.