«Еңбек түбі — береке» — деп қазақ халқы бекерге айтпаған ғой. Мамандық таңдау – бұл өте маңызды іс. Өйткені біз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз.
Заманымыздың әр кезеңінде кітапханашы деген ұғым жоғары болуы тиіс. Кітапханашы кітапханада кітапты қолға береді деген тар ұғым орнына, қоғамда кітапханашы мамандығының қажеттілігін мойындататын оң пікірлер мен көзқарастар қалыптастыру керек сыңайлы. Кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білген жан ғана осы рухани ордада қызмет атқара алады. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген ынта ықыласын көтеру жұмыстарын атқару кітапханашының басты міндеті.
Заманымыздың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбеав кітапханашылар турасында былай дейді: «Мен кітапханашы ақыл — білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын».
Бахытгүл Кебекбаева — Еркін ауылындағы Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебі» КММ-ның мектеп кітапханашысы қызметін 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Бахытгүл Кебекбаеваның ойынша, бүгінгі кітапханашы – білімді, заманауи технологияларды жетік меңгерген,жаңашыл, оқырманды жан-жақтылығымен өзіне, кітап оқуға баурай білетін,талапшыл, адамгершілігі мол, мейірімді, қиындық кезде сырлас бола білетін оқырманның шын жанашыр досы болуы тиіс.
Кейіпкеріміз өз мамандығын сүйіп ,жетік білетін , іс-тәжірбиесі мол, кәсіби ой-өрісі кең, іскер кітапханашы екендігі сөз саптауынан байқалды.
Өзінің уақыт талабына сай әр іс –шараларды жаңаша ұйымдастырып, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, оқушыларды шығармашылыққа жетелеп келеді. Күнделікті жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Бахытгүл Тлепалдықызы оқушылармен тығыз қарым –қатынаста болып, олармен тез тіл табысатындығы кітапханаға кірген балаға мейірімділікпен қарауынан байқауға болады. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздармен бірлесе атқаратын шаралары да жетерлік.
«Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі мақсат рухани дүниенің кітаппен тығыз байланысты екенін түсіндіріп айтамын. Оқушылардың рухани дүниесін , өз ойларын ,пікірін еркін жеткізуіне көңіл бөлемін. Әр оқырманның жүрегіне жол таба білу керек, әр балаға қызмет көрсету кезінде , оның не оқитынын, нені оқығысы келетіндігіне жәрдемдесіп, әңгімелесу арқылы білемін.
Жаңа оқу жылы басында дәстүр бойынша мектеп есігін алғаш аттаған 1- сынып оқушыларымен «Мектеп кітапханасына саяхат» тақырыбында таныстыру сабағын жылда өткіземіз.Мектеп кітапханасында « Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында көптеген іс –шаралар өтілуде. Күзгі, қысқы, көктемгі демалыста кітап оқу акциясы аясында бастауыш, орта буын, жоғары буындағы сынып оқушыларына тапсырма беріледі. «Менің сүйікті кітабым» айдарына қатысты, мысалы, О.Бөкейдің «Қар қызы» повесі, «Әлем балалар» әдебиетін оқып мазмұндап, видеоға түсіріліп, мектеп сайтына жіберілді,-деп бөлісті кітапханашы.
Кітапханадағы өткізілген іс — шаралар мектеп сайтына жоспарлы түрде шығып тұратын көрінеді. Балалардың тұлғаларға деген әуестігін ескеріп ұлы жазушылар, батырлар , қоғам, спорт және өнер қайраткерлері туралы әдебиеттерді ұсынылып , кітап көрмесі, қызықты, танымды іс- шаралар ұтымды өткізіледі. Оқырмандарды көркем әдебиетті оқып, қызығушылықтарын арттыру мақсатында кітапханаға түскен жаңа әдебиеттермен таныстырып,әдеби кештер, дөңгелек үстел , байқау жарыс , библиографиялық шолу, ұсыныс тізім, әңгімелер өткізу дәстүрге айналған. Оның бірден- бір жолы кітап көрмесін ұйымдастырып, әр бөлімге тақырып қойып, дәйек сөз дайындаудан бастайды екен. Әр көрме өзінің ең қызықты мәліметімен құнды. Көрмеге көркем әдебиет өкілдерінің портреттерін қою, көз тартарлық әдемі безендірілген кітаптармен таныстыру, қыры мен сыры мол өмірді бейнелеген шығармаларды ұсыну арқылы оқырмандардың әдеби шығармаларға қызығушылығын оятуға болады. Көрме ұйымдастыруда оқушының жас ерекшелігі де ескеріледі, әсіресе, төменгі сынып оқушылары ерекше анық түсті бояулармен көркемделген кітаптарға қызығушылық танытып, кітаптың ішіне көз жүгірте бастайды .«Ғажайып ертегілер елінде», «Жаңа кітап -жан азығы», «Атаулы даталар күнтізбегі», «Пән мұғалімдері, сіздер үшін!», «Ұлттық бірыңғай тестілеу», «Мемлекеттік тіл- тәуелсіздік тірегі» және тағы да басқа тақырыптармен кітап көрмесімен оқушылардың танысуына мүмкіндікі туып отыр.
Оқырмандарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың поэзияға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына,таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын өзгерту осындай жұмыстарды атқару кітапханашының борыш әрі солай жасалады да. Тіпті әр сынып оқушылар мен жетекшілері «Бір-біріңе кітап сыйла!» атты дүниежүзілік акциясына үн қосып, белсенділік танытады екен. Бар білімнің қайнар көзін кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.