Қазақстандық батырлар. Өресі биік өр тұлға

101

Cұрапыл соғыстың аяқталуына сүбелі үлесін қосқан оғландардың қатарында қазақ елінің біртуар перзенті, Кеңес Одағының батыры, кейін Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетов те бар. Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Еңбек ауылында дүниеге келіп, 2013 жылдың 24 қыркүйегінде өмірден озды. Әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қораныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде С. Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі.

Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан С.Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист әскерін өлтіреді. Осылайша, 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріледі. 1945 жылдың 31 мамырында Сағадат Нұрмағамбетов Қызыл ту орденімен марапатталады. Қазақтың қаһарман жігіті соғысты Берлинде аяқтады.

Ол 1946 – 1949 жылдар аралығында Мәскеудегi Фрунзе атындағы әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлдi. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары (Венгрия) қызметiн атқарды. КСРО Қарулы Күштерi Бас штабының академиясындағы курстарда білім алды.

Ал 1989 жылы Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiндегi ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектерi iстерi комитетi төрағасы қызметтерiн атқарды.

 1992 жылғы 7 мамырда Сағадат Нұрмағамбетов ҚР қорғаныс министрi болып тағайындалды. Қызметке тағайындалған соң, сапалы әскери мамандарды даярлауға бар күшін салады.

«Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды «қайда даярлаймыз?» деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады.Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды», — дейді Халық Қаһарманы.

1994 жылдың 23 мамырында  сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етiлдi. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан президентiнiң кеңесшiсi болды.

Сағадат Нұрмағамбетов 1971 – 1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесiне бiрнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкiмет қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебiне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтiң есiмi берiлдi. Оның жауынгерлiк және қайраткерлiк өмiр жолындағы ерлiктерi мен еселi еңбектерi жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шет елдердiң ордендерiмен марапатталды. 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз