Талдықорған қаласы бойынша денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында №2 Талдықорған қалалық емханасының директоры Жүсіпалиева Гүлнафис Бериятқызы мәлімдеме жасады.
Құрметті қала тұрғындары!
Денсаулық сақтау саласының дамуы елдегі халықтың денсаулығын нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және демографиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Сондықтан денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп, қаржы бөлінеді.
Талдықорған қаласының тұрғындарына медициналық көмек 64 медициналық мекеме арқылы көрсетіледі, оның ішінде 26 мемлекеттік, 38 жеке меншік (оның ішінде 15 медициналық мекеме және 23 стоматологиялық кабинет бар), онда 921 дәрігер мен 2830 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. 10 мың тұрғынға 44,4 дәрігер мен 136,4 орта медициналық қызметкер тиесілі.
2024 жылы жоспарлы профилактикалық тексерулерге 95,8 мың адам қамтылып, олардың ішінде 8,6 мың ауру анықталды. Барлық анықталған науқастар диспансерлік есепке алынып, сауықтыру шаралары жүргізілуде.
Портал бюросы арқылы жергілікті, аймақтық және республикалық емдеу мекемелеріне 16,4 мың адам госпитализацияланды.
Қала тұрғындары арасында медициналық сақтандыру жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 18 мыңнан астам қала тұрғыны кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында
1 461 млн. теңге сомасына тегін дәрі-дәрмек алды.
Маман тапшылығы басты мәселелердің бірі болып отыр. Қалада 87 дәрігер жетіспейді (12 жалпы тәжірибелік дәрігер, 10 реаниматолог-анестезиолог, 8 терапевт, 7 невропатолог, 6 акушер-гинеколог және басқалары). 2024 жылдан бастап қажетті медициналық кадрларды тарту мақсатында қалаға 5 млн. теңге көтерме ақы төленуде. Қазіргі таңда Талдықорғанға келген 20 маман осы төлемдерді алды.
2024 жылы 1 ана өлімі тіркелді (2023 жылы – 0), 23 сәбилік өлім жағдайы орын алды (2023 жылы – 28). Әрбір жағдай бойынша талдау жүргізіліп, сәбилік өлімнің басым бөлігі перинаталды кезеңдегі аурулар мен
туа біткен аномалиялардан туындаған. Ана мен бала өлімін төмендету мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, әмбебап-прогрессивті патронаж моделі енгізілді, сондай-ақ жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Қала тұрғындарының денсаулығының жай-күйін талдай отырып, көптеген көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. 2024 жылы туберкулез ауруының көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 38,7-ден 35,6-ға дейін, қан айналымы жүйесінің аурулары 2452-ден 2441-ге, қатерлі ісіктер 358,8-ден 340,1-ге дейін төмендеді. Қатерлі ісіктерден қайтыс болу деңгейі 93,75-ден 87,54-ке, жалпы өлім-жітім көрсеткіші де азайды.
Өткен жылы 3389 нәресте дүниеге келді (2023 жылы – 3607), 1250 адам қайтыс болды (2023 жылы – 1281). Осылайша, қаланың табиғи өсуі 2139 адамды құрады (2023 жылы – 2326).
Әрі қарай, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы үнемі жақсартылып, құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы қала медициналық ұйымдарына жалпы құны 2,8 миллиард теңге болатын 97 бірлік құрал-жабдық және 103,2 миллион теңге сомасына 4 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.
Өтенай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға қосымша блоктың құрылысы жалғасуда (халқының саны — 10 612), ол күніне 100 адам қабылдай алады. Құрылыстың аяқталуы осы жылға жоспарланған (құны — 588 миллион теңге, дайындық деңгейі — 70%).
2027 жылға дейін қалада жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы жоспарланған, ол 200 орындық болады. Маусым айында «Kazakhmys Holding» компаниясымен үшжақты меморандумға қол қойылды, оның құны 28 миллиард теңге.
Оңтүстік-Батыс ауданында салынып жатқан облыстық сот ғимараты поликлиникаға қайта жөнделеді, оның сыйымдылығы – 500 қабылдау. Жобаның құны – 11,4 миллиард теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстары республикалық бюджеттен қаражат бөлінгеннен кейін басталады