Ардагер есімі – ел есінде  

84

Ел қорғаған, қол бастаған батырларын, ақылы дария, сөз көсемі қарт­та­рын қадірлеу – қазақтың қанына әлімсақтан сіңген қасиет. Ал ардагерлерге құрмет көрсету, тағзым ету қашанда парыз.  Биыл Жеңістің 80 жылдығы аталып өтуде. Осы атаулы күнге орай кезінде облысқа да, қалаға да еңбегімен елеулі болған адамдарды ұмытпауға тиіспіз.

 

Оспанбек  Боранбаев 1923  жылы 12 мамырда Сарқан ауданы Шатырбай  ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке арласып, колхозда есепші болып бастаған Оспанбек Боранбайұлы жоғары білім алуды мақсат тұтады. Сондықтан да, Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын, КОКП ОК жанындағы республикалық жоғары партия мектебін, Талдықорған зооветеринарлық техникумын бітіреді.

  1940 жылы Қапал педагогикалық училищесін бітіріп, мұғалім болып жұмыс жасай бастағанда сұм соғыс тұтқиылдан басталды.   1942 жылдың шілдесінде Сарқан аудандық әскери комиссариатынан Кеңес әскері қатарына шақырылады. Алдымен Башқұрт АССР Стерлитамак қаласындағы Рига әскери-жаяу әскер училищесінің курсанты болып қабылданды.   Қысқа мерзімді командирлік курстарды аяқтағаннан кейін гвардиялық мотомеханикаландырылған корпус (Дон майданы) қолбасшысының қарамағына жіберіледі. Келгеннен кейін корпус штабы бастығының бұйрығы бойынша майдандағы армия құрамына командир әскери жүктері бар автомашиналардың қалыпты қозғалысын қамтамасыз ету үшін тылға (майданның алдыңғы шебінен 40-60 км), 3-гвардиялық мотомеханизацияланған бригада құрамына 120 мм  миномет батареясына жіберілді.

Ростов облысы, Донбасс, Украина қалалары мен ауылдарын азат ету, Сталинградты қорғау бойынша ұрыстарында ерекше көзге түсті.

  Қиян-кескі шайқастардағы қырағы мен батылдығы ескерусіз қалған жоқ. Оспанбек Боранбайұлы    «Ерлігі үшін» медалімен және «Үздік минометші» төсбелгісімен марапатталды. Оның бригадасы мүшелерінің ерліктері  фотосуреттерімен «В бой за Родину»  газетіндегі мақалаға арқау болыпты. 1943 жылы КОКП қатарына қосылып, батарея парторгы болды.

  Бұл бригада құрамында 1944 жылдың қазан айына дейін гвардия аға сержанты шенінде командир  болды. Ал 1944 жылдың желтоқсан айының соңында корпус артиллериясы бастығының бұйрығымен Ульяновск қаласындағы броньды танк училищесіне жіберілді, бірақ денсаулығына байланысты қабылданбады.

   Ульяновск қаласындағы облыстық қоныс аудару пункті оны Ульяновск облыстық әскери комитетінің қарамағына жіберді, онда ол Ульяновск облысының Корсун ауданындағы жетіжылдық мектептің әскери жетекшісі ретінде 1945 жылдың қаңтар-ақпан айларында әскерден босатылды.

1945 жылдың наурыз  айында  туған елге, Талдықорған облысының Сарқан ауданына келді.

Майданнан оралғаннан кейін «Ағарту» ұжымшарының жеті жылдық мектебінің директоры болып жұмыс істеді, ал 1945 жылғы 15 маусымда Сарқан аудандық партия комитетінің аппаратына  ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа ұсынылды. 1947 жылдың қыркүйегінде   облыстық партия комитетінің жолдамасы бойынша  2 жылдық республикалық жоғары партия мектебіне тындаушы болып түсіп, оны 1949 жылы үздік бітірді.

  1949 жылдан 1952 жылға дейін Алматы облысы партия обкомының партия, кәсіподақ, комсомол органдарында нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.

  Ол партиялық және саяси білімді тарату қоғамының толық мүшесі болды,  дәрістер мен баяндамалар оқып, газеттер мен журналдарда көптеген мақалалар жазды, радиода сөйледі.

 1952 жылдың маусым айынан 1954 жылдың маусым айына дейін Текелі қалалық партия комитетінің 2-ші хатшысы, Алматы облыстық радио комитетінің редакторы. Ал,1954 жылдың маусымынан Сарқан аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 2-ші  хатшысы, 1960 жылдың наурызынан Алакөл ауданының ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау жөніндегі бас инспектор, 1962 жылдың сәуірінен – Сарқан ауданының ауылшаруашылығы басқармасының орынбасары, бастығы.

   1967 жылдың сәуірінен 1980 жылдың шілдесіне дейін Талдықорған облысының мал бордақылау және мал дайындау облыстық трестінің директоры, Үштөбе  қаласындағы  ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау жөніндегі инспектор, Талдықорған облыстық кооперативтік саудасының бастығы.

1980 жылдың шілдесінен 1983 жылдың мамырына дейін — «Талдықорғансельстрой» тресті оқу комбинатының директоры.

Оспанбек Боранбаев қай жерде және қандай лауазымда жұмыс істесе де, оған жоғары кәсібилік, ұйымдастырушылық қабілеттер, кең ой-өрісі мен эрудиция, парасаттылық, іскерлік қасиеттер мен еңбек сүйгіштік тән болды. Жалпы еңбек өтілі 60 жылға жуық. Мұндай еңбекқорлық қашанда жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

1983 жылдың мамыр айында республикалық маңызы бар дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты.

Еңбек демалысына шыққаннан кейін 1983-1986 жылға дейін – халық депутаттары кеңесінің Талдықорған облыстық атқару комитетінің аға референті.

1980 жылдан Талдықорған қалалық партия, соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің мүшесі – төрағаның орынбасары, ал 1991 жылдан 2000 жылдың қарашасына дейін өмірінің соңына дейін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болады. 20 жылға жуық қоғамдық негізде қалалық ардагерлер кеңесінде жұмыс істеді.Осы қаланың ардагерлер кеңесі ұйымында сол жылдары оның бірінші төрағасы И.И. Прохода, жауапты хатшылар М.П. Грибенникова, К.П.Терентьева, П. П.Козлов, сол кезде қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Кеңес Одағының батыры А. Тулинцев  жұмыс жасады.

 Кеңестің жұмысы өте ауқымды болатын. ҰОС ардагерлерін есепке қою бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді, оларға есеп карточкалары ашылды. Мәселен, 80-жылдардың басында ҰОС ардагерлері төрт мыңға жуық адам болса, 2000 жылдың аяғында соғыс ардагерлері 800 адам болды. Ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге, пәтерлерге құжаттарды ресімдеуге, телефон орнатуға, көлік құралдарын сатып алуға, демалуға жолдамалар алуға, отын, өнеркәсіптік және азық-түлік тауарларын, дәрі-дәрмек сатып алуға, стационарда емделуге, бау-бақшалық учаскелер бөлуге және т.б. көп көңіл бөлінді.

 Қала басшылығының қолдауымен сол жылдары  қаланың 20 азық-түлік дүкендерінде ҰОС ардагерлеріне арналған бөлімдер ашылды және Шевченко көшесінде өнеркәсіптік тауарларды сататын дүкен ашылғандығы елдің есінде шығар. «Әр ардагерге жету» — бұл кеңес қызметкерлеріне қойылатын талап болды.

Жастарды майдангер  әкелердің дәстүрлеріне, елжандылыққа тәрбиелеу,  қаланың оқу орындарымен (мектептер, КТУ, техникумдар, пединститут) тығыз байланыс болып, түрлі кездесу өткізу дәстүрлі жүргізілді.  Оспанбек Боранбаев майдангерлермен тұрақты байланыста болды.  1986 жылы Тбилиси қаласында «Майдан даңқы» мемориалдық кешенінің ашылу   салтанатына Қазақстандық делегация құрамында болып кездесуге  қатысты.

1992 жылы Волгоград қаласында фашистік әскерлердің Еділ жағасында жеңілуінің 50 жылдығына арналған Волгоград алғашқы ардагерлер ұйымының шақыруымен кездесуге барып қайтады.О.Боранбаев бірнеше рет қалалық, аудандық, облыстық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.

Ұлы Отан соғысы ардагерінің өңірінде II дәрежелі Отан соғысы мен Құрмет белгісі ордендерімен қатар «Ерлігі үшін», За Победу над Германией в ВОВ 1941-1945 гг; 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы  Жеңістің мерейтойлық медальдары үшін  ( Жеңістің 20 жылдығы — Жеңіске 55 жыл),КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл;КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл т.с.с төсбелгілері жарқырайды. Мерейтойлық күндерге облыстық комитеттің, партияның қалалық комитетінің, облыстық атқару комитетінің, қалалық атқару комитетінің грамоталарымен қоса,  облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысын да алған еді.  Отбасында аяулы әке болған Оспанбек ата жұбайы Қазыбаева Күлбарам апа екеуі   7 бала өсіріп, тәрбиеледі.  Бараш апа  да тылда майдан үшін атсалысқан. Жетіжылдық мектепті аяқтағанда сұм соғыс басталады.  Содан аналарына көмек беріп, ұршық иіріп, қолғап тоқыды. Оны майданға жөнелтіп отырды. Бұл жұмыс майшамның жарығымен жасалатын. Қарттар мен балалар қалған ауылда техника тілін білетін маман болмады. Үштөбеден механизаторлар курсын оқып, колхоз жұмысына араласты. 1945 жылы соғыстан аяқталған соң Оспанбек атамен отбасы құрып, екеуі  балаларын  өсіріп, немере  тәрбиесіне үлес қосты.

Ұлы Отан соғысына қатысушы әрі  еңбек ардагерінің ерен ерлігі мен қажырлы еңбегі ешқашанда  ұмытылмайды.  Жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз