Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңесінің құрамы 3 жыл мерзімі аяқталған соң, заңға сай қайта жаңғыртылып, 18 адаммен бекітіліп, жұмысын бастады. Күні кеше ғана кеңестің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібіне 5 мәселе қойылды.
Кеңес мүшелеріне Талдықорған қаласы Қоғамдық кеңесінің ережесі жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар кеңестің тұрақты және уақытша жұмыс органдары болып табылатын комитеттер мен сараптама топтары құрылды. Қоғамдық кеңестің құзіретіне жатқызылған тиісті саланың немесе тиісті әкімшілік-аумақтың қоғамдық маңызы бар мәселелерін зерделеу үшін құрылған комитеттердің құрамы 4-5 адаммен бекітілді. Оған кеңес мүшелері, коммерциялық емес ұйымдардың, ғылыми, кәсіподақ және басқа да ұйымдардың, БАҚ өкілдері мен сарапшылар енді. Атап өтер болсақ, «Бюджеттік бағдарламаларды, стратегиялық жоспарларды және аумақтарды дамыту жоспарларын қарау жөніндегі комитет» құрамына – 4 адам, «Құқық қорғау органдарының мемлекеттік басқаруын және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру комитеті» – 4 адам, «Құрылыс, сәулет, инфрақұрылымды дамыту, қаланы абаттандыру комитеті» – 5 адам, «Әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитет» – 4 адам болып бекітілді. Сонымен қатар Қоғамдық кеңестің шешімімен Сараптамалық топ құрамы қалыптастырылды. Қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамының кезекті отырысында ашық дауысқа салу арқылы оның төрағасы, төралқа құрамы айқындалды. Талдықорған қаласы Қоғамдық кеңесінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, таныстырылды. Бұған дейін хабарлағанымыздай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл наурыз мерекесі қарсаңында Қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен танысып, шаһарымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты күрделі мәселелерді шешуге Қоғамдық кеңес мүшелері барынша атсалысып, әділ көзқарас қалыптастыратынына сенім білдірген болатын.
Г.Нұршанова.