Күн жылынды деп қуана бастаймыз, бірақ көктем-жаздың да адам мен мал үшін өзіндік зиянкестері бар екенін ескерген жөн. Күннің жылына бастауымен олар да бас көтере бастайды. Соның ішінде кенелердің белсенділігі артатын шақ осы. Оның адам мен малды шағуы кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы, геморрагиялық қызба секілді қауіпті жұқпалы ауруларды туғызуы мүмкін. Кене энцефалиті турасында Жетісу облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиевтен сұрап білген едік.
-Жалпы бұл қандай ауру, одан келер зиян қандай?
-Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы вирустық ауру. Аурудың салдары — толық сауығудан мүгедектікке және өлімге әкеледі. Кенелер адамға тек орманда ғана емес, сонымен қатар қалалық саябақтарда, бақтарда, бақшаларда шабуыл жасайды. Кене сізге автобуста отырған саңырауқұлақ терушіден немесе бағбаннан көшіп, сондай-ақ үйіңізге жануарлардың жүнімен немесе жабайы гүл шоқтарымен келуі мүмкін.
Кене белсенділігінің маусымы сәуірден қазан айларына дейін, ал олардың белсенділігінің шыңы мамыр және маусым айларына келеді.
-Ал енді аурудың негізгі белгілері қандай?
-Инкубациялық (жасырын) кезең әдетте 10-14 күнге, 1 күннен 30 күнге дейінгі аралықта созылуы мүмкін. Ауру жедел түрде басталады, қалтырау, қатты бас ауруы, температураның 38-39 градусқа дейін күрт көтерілуі, жүрек айну, құсу сияқты белгілер пайда болады. Көбінесе мойын мен иықта, кеуде және белде, аяқ-қолдарда бұлшық еттің ауырсынуы мазалайды.
Кене қандай жерлерде болады?
— Дұрыс айтасыз. Күн жылынса адамдар тіршілік көзі орманға, саябаққа, жеке бау-бақша учаскелеріне барады. Тіпті кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақтарға баруы да мүмкін. Сонымен қатар кенелерді жануарлар (иттер, мысықтар) немесе адамдар киімдерімен, гүлдермен, бұтақтармен әкелуі ықтимал. Ешкінің (көбінесе), қойдың, сиырдың шикі сүтін ішкенде, кенелердің оларды жаппай шағуы кезінде вирус сүтте болуы мүмкін. Сондықтан кене энцефалитінің қолайсыз аймақтарында бұл өнімді тек қайнағаннан кейін қолдану керек. Тағы бір айтарым — кенені ұсақтап жаншу немесе шаққан жерді тырнаған және ысқылаған кезде вирус теріге жұғуы мүмкін.
-Кімдер инфекцияға бейім?
-Барлық адамдар жасына және жынысына қарамастан кене энцефалитімен инфекцияға бейім. Қызметі орманда болумен байланысты адамдар – ағаш өңдеуші кәсіпорындардың, геологиялық барлау ұйымдарының қызметкерлері, автомобиль және теміржол, мұнай және газ құбырларын, электр желілерін салушылар, топографтар, аңшылар, туристер ең қауіпті топқа жатады. Қалада тұратындар сол маңындағы ормандарда, саябақтарында, бау-бақша учаскелерінде жүргенде кене шағып, ауру жұқтыру мүмкін.
—Кене энцефалитінен қалай қорғануға болады?
-Жеке қорғаныс шаралары және кене энцефалитіне қарсы вакцинация – кене энцефалитінің алдын алудың негізі болып табылады. Кене энцефалитінің табиғи ошағына барған кезде (тауларға, ормандарға бару, аудан, қала маңында орналасқан лагерьлер мен сауықтыру ұйымдарында демалу және т. б.) кене белсенділігі маусымы кезеңінде эпидемиологтар кене шағуына жол бермеу бойынша келесі сақтық шараларын сақтауды ұсынады:
— шөпке отыруға, жатуға болмайды, киімді, денені және заттарды жиі тексеріп, үйге оралғанда да киімді және денені кененің бар – жоғына мұқият тексеріп алыңыз;
— бірыңғай және ашық түсті киімдер киіп, шалбарды етікке, шұлыққа, киімнің жоғарғы бөлігін – шалбарға салыңыз, жең манжеттері қолыңызға мықтап орналасуы керек, көйлек жағалары мен шалбарының астында кене жүре алмайтын бекіткіштер болуы керек; көйлекке, курткаға тігілген капюшон киіңіз немесе басқа орамал тартыңыз;
— кенелерді үркітетін заттарды – репелленттерді қолдану қажет. Сонымен қатар, кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинациялау болып табылатынын есте ұстаған жөн.
-Кене энцефалитіне қарсы вакцинаны қайда және қалай жасауға болады?
-Кене энцефалитіне қарсы екпені тұрғылықты мекенжайы бойынша емханалардан (немесе тіркелген жері бойынша) дәрігердің кеңесінен кейін ақысыз түрде алуға болады. Вакцинациялау курсы 1-7 ай аралығымен екі екпеден тұрады. Екпені жыл бойына, соның ішінде эпидемиологиялық маусымда да жүргізуге болады. Бірінші және екінші егулер арасындағы ең оңтайлы аралық 5-7 ай (күз-қыс). Ревакцинация вакцинациялау курсынан кейін бір жылдан кейін жүргізіледі. Кейінгі ревакцинациялар әрбір 3 жыл сайын жүргізіледі.
— Ал кене шаққан жағдайда не істеу керек және қайда бару керек?
–Денеге жабысқан кене анықталған жағдайда, ең ерте мерзімдерде (кене шаққаннан кейін 4-ші күннен кешіктірмей), білікті медициналық көмек көрсетілетін және кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді енгізу жүзеге асырылатын серопрофилактика пункттеріне жүгіну қажет (кенелерді сорғаннан кейін 96 сағат ішінде кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді енгізу керек). Сіз кенені өзіңіз алып тастамауыңыз керек, кенені ұсақтауға тырыспаңыз. Бұл қауіпті! Бұндай жағдайда тек дәрігерге жүгіну қажет. Есіңізде болсын, өз денсаулығыңыз өз қолыңызда!