Биыл адамзат тарихындағы ең қасіретті екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Соғыс кезінде Қазақстан тылдың негізгі тірегіне айналғандығы белгілі. Сол ауыр жылдар қазақстандықтардың еңбегі, шыдамы мен бірлігін сынға салды. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін «Майдан үшін, Жеңіс үшін» — деп тер төкті. Соғыс балалары атанған бүгінгі қарияларда балалық болмады.
Наурыз мейрамының қарсаңында Жеңістің 80 – жылдығына орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің бастамасымен еріктілер кеңесінің консультативтік кеңесші тобы Талдықорған қаласында тұратын тыл ардагерлерінің шаңырағында болып қайтты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінен Ержан Нұржанұлы, Жетісу облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәди Шәкенов тыл ардагерін мерекеге орай құттықтады.
Ең алдымен тыл ардагері, 92 жастағы Владимир Хлебниковтың шаңырағына барды. Қария келген қонақтарға соғыстан кейінгі қиыншылықтар, еңбек жолы турасында айтып берді. Темірден түйін түйген ұста қаладағы ірі кәсіпорындарда, мәселен, нан комбинатында ұзақ жыл жұмыс жасаған. Бүгінде қария әлеуметтік қызметкер Гүлмира Құрманғалиеваның қарауында. Тыл ардагері ас-суын дайындап, үйдегі шаруаларына қолғабыс етіп жүрген әлеуметтік қызметкерге алғысын білдірді.
Мұнан кейін тыл ардагері Брянцева Марина Михаиловнаның тұратын үйіне барып, мерейлі мерекелерімен құттықтады. Марина апаны да әлеуметтік қызметкер Аида Дүйсебекова қарауына алған. Қажетті дәрі-дәрмегін, азық-түлігін жеткізіп беріп тұрады.
Жалпы айтқанда, тыл ардагеріне де Жеңістің мерейтойына орай әлеуметтік төлем жасалып, төсбелгі табысталмақ.
Ержан Нұржанұлы : «Ардагерлердің жанқиярлығы мен қажырлы еңбегін ұмытпау – біздің қасиетті борышымыз. Олар өздерінің еңбектегі ерліктерімен болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлады. Мұндай кездесулер – маңдай терін бейбіт өмір үшін төккен жандарға алғысымызды білдірудің жарқын көрінісі. Оларды құрметтеп, жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек».
Наурыз мейрамы қарсаңындағы кездесу қайырымдылыққа, ұрпақтар сабақтастығына айналды. Қонақтар ардагерлермен емен-жарқын тілдесіп, сый-сияпаттар табыстады. Өнерпаздар әндерімен ардагерлер көңілін көтерді.