Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов: — «Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда, бұл шамамен 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар субсидиялау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемінің 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты. Шаруаларға 419 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен бөлінді. Бұдан бөлек, егін орағына қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру 145 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды», — деп мәлімдеді.
Осының бәрі дер кезінде жүйелі түрде жүзеге асырылса нұр үстіне нұр, жалпы диқан шаруалар үшін үлкен қолдау еді. Себебі, қазіргі мезгіл егін және мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген шаруалар үшін қауырт кезең. Оның үстіне жақында жанар-жағармай бағасы тағы қымбаттап халық қалтадан қағылды. Сол үшін үкіметтің мұндай қаржылай қолдауы, арзандатылған жанар-жағармаймен қамту бағдарламалары жалпы шаруалар үшін ауадай қажет, қуанарлық, құптарлық бастама.
Шамбылай Өскенбаев,
Талдықорған қаласы, Өтенай ауылы «Мақан-Алмас»
шаруа қожалығының басшысы.