Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2024 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және 2025 жылдың міндеттері туралы алқа мәжілісі өтті. Күн тәртібінде мәдениет және архив саласының қызметі, өткен жылғы жеткен жетістіктер мен ағымдағы жылы атқарылатын ауқымды шаралар, өзекті мәселелер қаралды.
Биылғы жылы бірқатар халықаралық, республикалық фестиваль мен байқаулар, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығына республикалық ақындар айтысын өткізу және «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында мәдени шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен ардагерлеріне арналған монументтер, обелискілер, ескерткіштерге ағымдағы жөндеу, абаттандыру сынды жұмыстар жүргізілмек. Сондай-ақ, атаулы күнге орай Жетісу өңірінен майданға қатысқан соғыс ардагерлерінің ерліктері, мерт болған және із-түссіз жоғалған боздақтар туралы кітап шығару жоспарлануда. Қазіргі таңда, бұл бағытта облыстық, мемлекеттік, республикалық Ұлттық және Ресей архивтерімен байланыс орнатылып, зерттеу, жинақтау жұмыстары жүргізілуде.
Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылық өркениетіміздің өзегі. «Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады», — деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтардың бірі болып саналады. Осы орайда, облыс бойынша ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты іс-шаралар қолға алынып жатқанын атап өткім келеді. Облыста ел мәдениетін арттырып, ұлттық өнерімізді өркендету жолында барлығы 314 мәдениет, архив мекемелері халыққа қызмет етеді. Басқарма тарапынан Мәдениет саласының инфақұрылымын жан-жақты дамытуға соңғы жылдары баса мән беріліп келеді. Жетісу облысы құрылғаннан бастап 7 ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 жаңа мәдениет ғимараттары салынды. Сонымен қатар, 7 ауылға блокты-модульдік клубтар орнатылып, қолданысқа берілді»-деп салада кемшіліктер мен өзекті мәселелер де жоқ еместігін баса айтты. «Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз жыр, терме, айтыс облыс көлемінде кенжелеп қалды. Осыған, орай барлық аудандар мен қалалардың елді-мекендерінде ұлттық өнерімізді ұлықтау бағытында жұмыстар атқаруды ұсынамын. Бұл бағытта облыстық халық шығармашылығы орталығы арқылы жұмыстар басталды. Әр елді-мекенде ұлттық өнерге бейім жастарды тартып, әдістемелік көмек көрсету үшін облыстық білім басқармасына хат жолданып, аудан, қала мәдениет үйлеріне тапсырмалар берілді. Өздеріңізге белгілі былтырғы жылы «Жер жаннаты — Жетісу» телевизиялық жобасында көптеген олқылықтар анықталды. Ережедегі әр жанр бойынша арнайы қазылық еткен кәсіби мамандардың өте төмен бағалауы, кемшіліктерін түзету бағытында айтқан сын-пікірлерін ескере отырып, жұмыстану қажет. Өздеріңіз көріп отырғандай мәдениет үйлері мен клубтардың атқарған жұмыстары 7 бағыт бойынша сарапталды. Бұл ретте Көксу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласының мәдениет үйлері төменгі көрсеткіште тұр. Аудандық, қалалық мәдениет үйлерінің жанынан құрылған 5 Халықтық атағы бар және 9 жаңадан құрылған театрлар жұмыс жасайды. Жалпы штат саны 34 бірлік. Оның ішінде, аудан бойынша халықтық театрлар арасында Көксу ауданындағы Мұқыры халық театрында 15 штат бірлігі болса да, былтырғы жылы театр мүлдем жұмысын көрсете алмады, яғни, жаңа қойылымдар жоқ, гастрольдік сапарларға шықпаған. Кітапхана саласына тоқталып өтсем, аудандық, қалалық кітапханалардың 2024 жылы атқарған жұмыстары 9 бағыт бойынша сарапталды. Кітапханалардың негізгі мақсаттарының бірі кітап қорын толықтыру және Web-РАБИС бағдарламасы арқылы электронды каталогқа қордағы кітаптарды енгізу. Осы орайда, айта кетсек қордағы кітаптарды электронды каталогқа енгізуде Талдықорған қаласының 9 кітапханасы алдыда келе жатыр, 348 728 дана кітапты толық электронды каталогқа енгізді. Алдағы уақытта кітапхана қорын электронды каталогқа енгізу, кітапханаға келушілердің қызығушылығын арттыру бағыттарында жұмыстарды жандандыру қажет»-деп нақты тапсырма жүктеді. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов «Қазақстан халықтарының мәдени даму қарқынын арттыру жолында, мәдени саясатты жандандыруда, Жетісудың мәдениетінің өркендеуіне аянбай еңбек етесіздер деген сенімдемін. Алқа мәжілісінде берілген тапсырмалардың уақытылы орындалуын басқарма басшысы және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатаң бақылауға алсын»-деп қорытындылады.