«Әрбір бала — бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» атты Талдықорған қаласының дарынды оқушыларын марапаттау салтанаты өтті. Кеш барысында «Зерде» республикалық зерттеу жобалар конкурсының, «Дарын» республикалық олимпиадасының, 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың, «Дарын» ғылыми жоба жарысының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ, ағымдағы оқу жылы аясында өткен олимпиадалар мен ғылыми жобалар жұмысында үздік нәтиже көрсеткен М.Ломоносов атындағы № 5 орта мектеп лицейі, №12 орта мектеп гимназиясы, Сайын Мұратбеков атындағы № 9 орта мектеп пен №28 ІТ мектеп лицейі жүлделі орынға ие болды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың және ғылыми жоба байқауының қалалық кезеңіне 1568 оқушы қатысып, оның ішінде 176 оқушы І орын иеленді. Осы оқушылар Талдықорған қаласын облыс, республика көлемінде танытуда өз үлестерін қосты.Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шарипбаева «Бала — біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Баланың бойында мүмкіндіктердің бәрі бар. Тек оларды көру, білу, ашу қажет. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөз бар. Қаламызда білім мен ғылым, өнер мен спортқа қызығатын оқушыларымыз өте көп. Олардың қала, облыс, республика көлемінде жеткен жетістіктері де аз емес. Біз оларды мақтан етеміз. Бұл жетістікке мектеп әкімшілігі мен ұстаздарының, ата-ананың қосқан үлесі де өте зор. Сондықтан, бүгінгі кешімізді дарынды, өнерлі, талапты да талантты оқушыларымызды марапаттауға бағыттап отырмыз. Әрдайым өз мектептеріңнің мақтанышы болыңыздар дегіміз келеді. Әрқашан білім шыңына өрлей беріңіздер!»-деді.