Есірткіге қарсы күрес

4

Жыл басында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны мәлім.  Аталмыш Заң есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырушыларға жауапкершілікті, сондай-ақ,  есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адамдардың да жауапкершілігін едәуір қатаңдатты.

Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін. Сонымен қатар Заңда есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасы аздап жұмсартылды. Мәселен, алғаш рет мұндай қылмыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Жаза есірткіні жасырын орналастырушылардың көбі жасөспірімдер мен жастар болғандықтан жұмсартылды. Олардың есірткіні өздері дайындамайтыны, көбіне есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылардың қылмыстық тұзағына түсетіндігі ескерілді. Бұдан бөлек, Заңда есірткі тектестер, психотроптық заттар, сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды қолдану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленген. Есірткіге қарсы күрес және қабылданған жаңа шаралар жөнінде  Жетісу облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Эмиль Шарменев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді. «Енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің бұдан да әділетті жүйесін құруға, сондай-ақ қоғамды есірткінің заңсыз айналымы салдарынан қорғау бойынша шараларды күшейтуге мүмкіндік береді деп пайымдаймыз»- деп атап өтті спикер.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз