Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз»- деп адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін баса айтты. Аталмыш тапсырманың іске асырылуына үлес қосу мақсатында облыстағы мәдениет саласының қызметкерлері еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көтеру, жастарды кәсіби бағыттауға шақыру мақсатында олардың еңбегі мен өмірлік жолын әдеби және өнер туындылары арқылы насихаттау, театрландырылған қойылымдар, деректі фильмдер, ән кештері арқылы қолдау көрсетіп ынталандыру және шабыт беруді көздеп отыр. Осы орайда «Еңбек – елдің тірегі, мамандық – өмірдің жүрегі!» атты керуен жыл бойы облысымыздың барлық ауданын қамтымақ.
Керуен аясында Жетісу облысы музейлері ұйымдастыратын «Еңбек даңқы», «Еңбекпен өрілген өмір», «Қолөнерден –өнеркәсіпке» сынды көрмелер, еңбек адамдары туралы кітап көрмелері, Д.Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының жұмысшы мамандықтарына арналған «Еңбек әні мәңгілік», «Еңбек адамдары жыры» концерттері, «Адал еңбек – асыл мұрат», «Беу, қыздар-ай» қойылымдары, «Шебердің қолы алтын», «Өз қолыңмен жаса» ағаш, металл, саз, тоқу сияқты дәстүрлі және заманауи бағыттағы жергілікті шеберлерді қатыстыра отырып, жастарға шеберлік сабақтары көрсетілмек. Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов: «Ертеректе еңбек ұжымдарының белсенділігін арттыру үшін үкімет тарапынан сабан тойлар мен жәрмеңкелер ұйымдастырып, ән шырқалып, ұлттық ойындармен жалғасын тауып отырған. Бұл жұмысшылардың еңбегін құрметтеу мақсатындағы жыл сайын өтіп отыратын дәстүрге айналған. Мұндай іс-шаралар ұжымдық рухты нығайтып, еңбек мәдениетін насихаттау алаңына айналдырған. Жәрмеңкелерде жұмысшылардың қол жеткізген жетістіктері көрсетіліп, үздік мамандар марапатталған. Бүгінгі ұсынылып отырған жоба да жаңашылдық енгізу емес, көне дәстүрді қайта жаңғырту болып табылады. Бұл бағытта мәдениет саласы да жұмысшыларды қолдау мен ынталандыруда өз үлесін қосуды қолға алды. Халықтың демалысын қызықты әрі мазмұнды етуге атсалысу жоспарланып отыр. Бұл шаралар жұмысшылардың рухани дамуын қамтамасыз етіп, олардың еңбекке деген ынтасын арттыратыны анық»-деді.