Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары басталады.
Атырау мен Павлодарда өткен екі турдан кейін Оралдың «Жайығы» 31 ұпаймен жекедара көш бастап келеді. Осыған дейін қатарынан он рет жеңіске жеткен Виктор Козик шәкірттерін Талдықорғанда кім тоқтата алады? Сейсенбі күні оралдықтар өткен жылғы ел чемпионы «Таразбен» ойнайды.
Турнир кестесінде 26 ұпаймен екінші орында тұрған ақтөбеліктер төртінші сатыдағы «Буревестник» (Алматы) командасымен сынға түседі. «Жетісу» өткен жылғы күміс жүлдегер «Павлодармен» күш сынасады. Әзірге 24 ұпаймен үздік үштікті түйіндеген талдықорғандықтар өз алаңында ұпай қорын толықтыруға тырысатыны анық.
Алтыншы сатыдағы «Атырау» көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетаумен» шеберлік байқасады.
Талдықорғандағы ойындар 29 қаңтарда мәресіне жетеді.
Дереккөз :kaz.inform.kz