Дені сау ұрпақ-ұлт болашағы

5

Талдықорған қаласында мектеп директорларының қатысуымен балалар спортын дамыту мәселесі талқыланды.

Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабековтың басшылығымен өткен жиында «Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы Жаннұр Әбішев қалада спортты дамытуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырып, алдағы міндеттер жайлы баяндады. «Бүгінгі таңда Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі үшін басты басымдық – балалар мен жастарды дене шынықтыру және спортқа кеңінен тарту, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңында айқындалған міндеттерге сәйкес жүзеге асырылуда. Заңда бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасау, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдарының жауапкершілігі нақты белгіленген.

Осы талаптарды басшылыққа ала отырып, 2025 жылы қала көлемінде 253 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Оның 80-і жасөспірімдерге, 38-і мектеп оқушыларына арналды. Мектептер, колледждер және әскери бөлімдер арасында волейбол, футбол, баскетбол және өзге де спорт түрлері бойынша қалалық жарыстар өткізілді. Жарыстардың негізгі мақсаты – мекемелердің спорттық белсенділігін арттыру және спортты күнделікті өмір салтына айналдыру.

Балалар мен жасөспірімдер арасында дене шынықтыру және спортқа қызығушылықты арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, футболдан «BALA LIGA» қалалық лигасы, еліміз бойынша тұңғыш рет «Мектеп барысы» жобасы, сондай-ақ бұқаралық спорт түрлерінен ашық қалалық чемпионаттар ұйымдастырылды. Бұл жарыстар жүздеген баланы қамтып, олардың бойында бәсекелестік рухты, тәртіптілік пен жеңіске ұмтылысты қалыптастырды. Сонымен қатар, назар аударуды қажет ететін мәселелер де бар. Кейбір мектептерде спорт түрлері секциялары мен дайын командалары бола тұра, жарыстарға себепсіз қатыспады. Мектеп директорлары тарапынан спорт залдарын пайдалануға рұқсат берілмеуі жарыстар ұйымдастыруға кедергі келтірді. Мұндай жағдайлар бұқаралық спорттың дамуына кері әсерін тигізеді және заң талаптарына сәйкес келмейді. Қала әкімінің орынбасарының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың жаз айларында мектептердегі спорттық құрал-жабдықтардың жай-күйін талдау мақсатында мониторингтік топ құрылды. Мониторинг нәтижесінде, кей мектептерде материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейінің төмен екені анықталды. Осыған байланысты, бірқатар мектептерде сенбілік жұмыстарын ұйымдастыру, спорт алаңдарындағы қақпаларды және ашық алаңдағы спорттық жабдықтарды сырлау және қалпына келтіру, толықтыру жұмыстарын жүргізу қажет. Жаз айларында мектеп алаңдарында барлық оқушылар мен мектеп маңайындағы тұрғындарға спортпен айналысуға мүмкіндік берілуі тиіс. Спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен мектептерге тиісті шараларды қабылдау үшін білім бөліміне шара қолдану бойынша хат жолданды, алайда құрал жабдықтар саны әлі де жеткіліксіз.  Алдағы уақытта қала көлемінде өткізілетін спорттық жарыстарға барлық мектептердің міндетті түрде қатысуы талап етіледі. Егер білім беру мекемесінде белгілі бір спорт түрі бойынша үйірме (секция) тұрақты түрде жұмыс істейтін болса, сол бағыттағы қалалық жарыстарға міндетті түрде қатысуы тиіс. Үйірмелер өз деңгейінде ұйымдастырылғанымен, оған қатысатын балалар санының аздығы байқалады. Осыған байланысты, үйірмелерге қатысатын балалар санын арттыру бойынша нақты шаралар қабылданса. Әсіресе, есепте тұрған балаларды, аз қамтылған және толық емес отбасыларынан шыққан оқушыларды спорттық секцияларға міндетті түрде тартуды қамтамасыз ету қажет.

Мектептерде оқушылардың спорттық белсенділігін арттыру мақсатында мектепішілік спорттық лигаларды ұйымдастыру, футбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ және басқа спорт түрлерінен сыныпаралық  жарыстар өткізу.

Таңғы жаппай жаттығуларды аптасына үш күн жүйелі түрде өткізу және оны мектеп дәстүріне айналдыруды сұраймыз. Аталған шара балалардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыруға, олардың денсаулығын нығайтуға және білім алуына серпін беруге үлес қосады.

Мектеп директорларына қыздар арасында черлидерлер клубын құруды ұсынамын. Кейін черлидерлер арасында сайыстар ұйымдастыру қажет. Мысалы, жаз айындағы қала әкімдігімен ұйымдастырылатын «Винтер фест» шарасында мектеп черлидинг клубтары арасында конкурс өткізсек. Бұл шара оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың физикалық дамуына және дене бітімінің қалыптасуына ықпал етіп қана қоймай, мектепке деген отансүйгіштік сезімін де оятады.

Қазіргі уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты мұз алаңдары қораптарын толық пайдалануға мүмкіндік жоқ. Осыған орай, мұз алаңы қораптарын тиімді пайдалану мақсатында «Пиклбол» спорт түріне бейімдеу немесе жазғы маусымда ашық аспан астында кино көрсетілімдерін ұйымдастыратын алаңға айналдыруды  немесе басқа да спорт түрлеріне бейімдеп, пайдалануды ұсынамын. Жоғарыда айтылған алаңдарды жасау ауқымды қаражат қажет етпейдігін атап өткім келеді.

2026 жылға арналған қалалық спорттық іс-шаралардың жылдық жоспары әзірленді. Жоспарға мектептер, колледждер, әскери бөлімдер және спорт федерациялары енгізіліп, әрбір іс-шара бойынша жауапты тұлғалар белгіленді. Жаз мезгілінен бастап «Былғары доп» турнирі қайта жандандырылады және оған барлық мектептердің толық қатысуын сұраймыз. Балалар спорты – бұл тек жарыс пен медаль ғана емес, дені сау, белсенді әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеудің негізі. Спортпен жүйелі айналысқан бала өмірге бейім, тәртіпті және мақсатшыл болып қалыптасады. Баршаңызды балалар мен жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, олардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге және қалалық дене шынықтыру және спортты бірлесе дамытуға шақырамын»,- деді ол. Жиын барысында мектеп директорларына спорт алаңдарын қалпына келтіру, балалардың жаз мезгілінде де спортпен үздіксіз айналысуына жағдай жасау, оқушыларды спорттық үйірмелерге көптеп тарту, мектепішілік турнирлерді жүйелі өткізу жүктелді.

Өз тілшіміз

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз