АЭС құрылысы: консорциум құрамы әлі қалыптасқан жоқ

4

ҚР Энергетика министрлігі қазір АЭС құрылысындағы консорциум аясында 4 елмен келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

 

— Қазақстанның оңтүстік өңірінде қуаттылығы жоғары бірінші АЭС салу жоспарланған. АЭС құрылысының кейінгі жобалары үшін ықтимал мерзімдер, неғұрлым қолайлы аумақтар, орын және реакторлық технологияларды жеткізушілер бойынша шешім өңірлердің электр энергиясына қажеттіліктерін талдау негізінде, сондай-ақ экологиялық, экономикалық және технологиялық аспектілерді ескере отырып қабылданады. Қазіргі уақытта атом электр станциясын салудың алғашқы жобасы бойынша консорциум құрамы әлі қалыптасқан жоқ, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, консорциум бойынша шешім қабылдау бәсекелестік диалог рәсіміне сәйкес жүргізілетін келіссөздердің нәтижелеріне байланысты болады. Бұл ынтымақтастықтың барлық аспектілерін — техникалық мәселелерден экономикалық және құқықтық мәселелерге дейін талқылауға мүмкіндік береді.

— Қазір Ресей, Франция, Қытай және Оңтүстік Корея жеткізушілерімен (вендор) консорциум аясында ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып жатыр. Жеткізушіні немесе консорциумды таңдау бойынша түпкілікті шешім келіссөздер аяқталғаннан кейін, сондай-ақ жеткізушілердің ұсыныстарын талдағаннан кейін осы жыл ішінде жасалады, — деп нақтылады Энергетика министрлігі.

https://kaz.inform.kz/news/aes-kurilisi-konsortsium-kurami-al-kaliptaskan-zhok-4ead2f/

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз