Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды

10

Жетісу облысында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорын «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасатын болады. Жел генераторлары зауытының өндірістік қуаты жылына 2 ГВт генерацияны құрайды, сонымен бірге энергияны жинақтау жүйелерін шығару қуаты жылына 1 ГВт болады.  Инвестиция көлемі 40 млн. АҚШ долларын құрайды, 300 жаңа жұмыс орны құрылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Инвестициялық жоба жаңартылатын энергетика саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС мен қытайлық «Envision Energy» компаниясы арасындағы әріптестік бойынша іске асырылуда. Кәсіпорын жыл сайын жел генераторларының 250 жиынтығын және энергияны жинақтау жүйелерінің 100 жиынтығын шығарады деп жоспарлануда.

Капсула салу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов өңірдің экономикалық өсуінің маңызды нүктелерінің бірі ретінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамытуға баса назар аударды.

—        Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында облыстың экономикалық өсу нүктесінің бірі –Қорғас торабы орналасқан. Қорғас торабының маңызды, әрі инвесторлар  үшін тартымды элементі – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы болып табылады. Бүгінгі таңда еркін экономикалық аймаққа қатысушылардың бірыңғай тізілімінде жалпы құны 907 млрд. теңге болатын жобалары бар 68 қатысушы тіркелген. 2030 жылға дейін 5 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 47 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда АЭА аумағында 51 млрд. теңгеден астам сомаға 21 жоба іске асырылды. Бүгін ішкі нарықты да, экспортқа шығуды да қамтамасыз етуге бағдарланған жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын заманауи зауыттың құрылысы басталды, бұл мемлекет пен бизнестің тиімді бірлескен жұмысының айқын нәтижесі болып табылады, — деп түйіндеді Ә. Қанағатов.

Өз тарапынан «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов кәсіпорынның іске қосылуы жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерінің өндірісін жолға қоюға ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл кешенде еліміздегі «жасыл» энергетиканың дамуына, экологияның жақсаруына және жалпы экономикалық дамуға оң әсер етеді.

— Бұл жобаны іске қосу импортқа тәуелділікті қысқартуға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жұмыс орындарын құруға, экспорттық мүмкіндіктерді ашуға және елдің болашағына үлес қоса отырып, төмен көміртекті экономикаға көшуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте өндірістің бастапқы кезеңінде қазақстандық қамту үлесі 30% -ды құрайды, ал болашақта кезең-кезеңімен 90% — ға жеткізіледі, — деді Д. Идрисов.

Айта кетсек, кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың III тоқсанына жоспарланған. Бұл ретте өнімнің 60%-ы ішкі нарыққа, ал 40%-ы Орталық Азия мен Кавказ елдеріне экспортқа жіберілетін болады.

Жалпы, бүгінгі таңда Жетісу облысында 10,3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 2,6 трлн. теңгеге ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ЖЭК, көлік және логистика, құрылыс, туризм салаларында 2025-2030 жылдарға 133 жобадан тұратын инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылған. Бұл ретте 2024 жылдың қорытындысы бойынша құны 45,5 млрд. теңге болатын және 1231 жұмыс орнын құру көзделген 49 жоба іске асырылды. Биылғы жылға келетін болсақ, 1800-ден астам жұмыс орнын құра отырып, 59 жобаны іске асыру жоспарланған.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында осы кезеңде халықаралық трансұлттық компаниялар бизнеспен айналысуда. Іске асырылғандар жобалар ішінде күн панельдерін, құрамажем, памперстер және гигиеналық өнімдерді шығаратын кәсіпорындарды атап өткен жөн, сонымен қатар тамақ және химия өнеркәсібінің кластері белсенді дамып келеді. Жалпы АЭА индустриялық аймағы қолжетімді инвестициялық преференцияларды ескере отырып, инфрақұрылым объектілері бар дайын жер учаскелерін іздейтін инвесторлар үшін тиімді платформа болып табылады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз