Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясындағы сөйлеген сөзінде маңызды мәселелер қамтылды. Онда бүгінгідей қиын-қыстау кезде елімізді дағдарыстан шығарудың нақты қадамдары, халық тұрмысын жақсартудың жаңа бағыттары аталды. Әр салада осыған дейін сақталып келген қордалы мәселелерге сын айтылып, оларды шешудің тың жолдары ұсынылды.
Соның ішінде Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін ескертті. Осы орайда ел Президенті:- «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сонымен қатар ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Елімізде бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 1 мыңнан астам ауылдағы үш мың жеті жүз нысан жаңғыртылды. Оның бәрі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады. Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді», – деп нақты атап өтті. Міне, бұл ауыл тұрғындарының өнім өндіруге, шаруашылықтарын кедергісіз дөңгеліп өз кәсіптерімен шұғылдануына мол мүмкіндік береді. Қорытып айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Парламент сессиясында сөйлеген сөзі жаңа Қазақстан құру бағытында елді одан әрі дамытудың басты бағытын нұсқап, жаңғыруға жаңа жол ашады.
Мұратбек Қожабеков, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі
төрағасының орынбасары.