Жетісу облысының әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

326

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға облыс орталығы мен аудандардан барлығы 12 адам жазылды. Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана сұрау мен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөнінде болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ескелді ауданының тұрғыны Балтабай Берденбеков өңір басшысының алдында бірнеше мәселе көтеріп, ұсыныстарын білдірді. Ол мал шаруашылығы саласында, соның ішінде мал тұқымын асылдандыру бағытында, ұзақ жыл еңбек етіп, қойдың жаңа тұқымын шығарған. Ақсақал зейнет демалысында болса да, өңір экономикасын дамытуға өз үлесін қосуға, мал шаруашылығы саласында жинаған тәжірибесімен бөлісуге, жастарды оқытуға ынталы екендігін жеткізді. Облыс әкімі оны Талдықорған агро-техникалық колледжіне жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар Б.Берденбеков 20 жылдан бері қант диабетімен ауыратын қызының мүгедектік алуына да көмек сұрады. Өңір басшысы бұл мәселені денсаулық сақтау басқармасының, сол сияқты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарауына тапсырды. Сондай-ақ ақсақал баспана, мал жаятын жер мәселесі туралы да сауалдарының жауабын алды.

Талдықорған қаласының тұрғыны, ғалым-агроном және эколог Шеризат Сапарғалиев туған қаласын өркендетуге, соның ішінде қаланы көгалдандыру ісіне өз үлесін қосуға ниетті. Облыс әкімі Шеризатқа қазіргі уақытта екі мыңдай қылқан жапырақты ағаштар отырғызылған және алдағы уақытта да ағаш егу жұмыстары жалғасатын Жеңіс саябағының ресми бақылаушысы болуды ұсынды.

«Сіз көшеттерді қашан, қалай отырғызу керек, ағаштың қай түрін отырғызған тиімді, немен тыңайту керек, соның бәрін білетін адам ретінде бізге жасыл желектерді сақтап, өсіруге көмектесесіз. Жыл соңына дейін жұмыс істеп көріңіз, егер нақты нәтиже шығып жатса, келісімшартты ұзартамыз», — деді облыс әкімі. Сол сияқты ауыл шаруашылығына арналған ғылыми-практикалық іс-шараларға агроном ғалымдарды да шақырып, байланыс орнатуды тапсырды. Талдықорған маңындағы Еркін ауылында жалпы алаңы 17 гектар болатын тәлімбақ жасалып, онда қазір жас көшеттер отырғызылғанын тілге тиек етті. Осылайша көк желекті сырттан тасымай, өзіміздің арзан әрі сапалы өнімімізді пайдаланатын боламыз.

Талдықорған қаласының тағы бір тұрғыны М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына жаңа, заманауи ғимарат салынса деген тілегін айтты. Себебі мұражай бейімделген ғимаратта отыр, ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмеген. Бұл ретте Бейбіт Исабаев тарихи-рухани мұраларды сақтаудың аса маңызды іс екенін айта келе: «Қазір халыққа алдымен тұрғын үй, балабақша, мектеп, ауруханалар керек екенін өзіңіз көріп отырсыз. Бүгінгі күні сондай мәселелермен айналысып жатырмыз. Сіздің көтеріп отырған мәселеңізді шешу үшін республикалық бюджеттің қолдауы керек. Өйткені жергілікті бюджетте музей құрылысына қаржы қарастырылмаған. Оған лайық келетін қалада басқа ғимарат жоқ. Тиісті министрлікке хат жолдаймыз, бұл мәселе өткен жылы да көтерілген болатын», — деді.

Облыс тұрғыны Дүйсебай Балақаранов Ақсу ауданының Кеңқарын ауылы мен Сарқан ауданының Бірлік ауылы арасындағы 4,5 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Өңір басшысының айтуынша, бұл мәселе келесі жылдың бюджетін нақтылау кезінде қаралады, аудан әкімі өтінім беруі тиіс.

Ал мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезек ретімен үй алу туралы сұрақтар қойған азаматтардың барлығына облыс әкімі тұрғын үй заңнамаларының талаптарын түсіндіріп, мәселенің мәнісін ашып айтып берді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз